«Әділет» партиясының бастамасымен Алматы мен Семейде инклюзивті спорттық жарыстар өтті

  • AstanaTV
  • 12 қазан 2026

Алматыда ерекше қажеттіліктері бар балалар арасында «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзивті спорттық жарыс өтті. Іс-шара Орталық армия спорт клубының базасында ұйымдастырылды. Қатысушылар бочча, жеңіл атлетикадан жарысып, «Біз жеңімпаз боламыз» деп аталатын спорттық эстафетаға қатысты. Ұйымдастырушылардың мақсаты - балалардың көңілін көтеріп қана қоймай, кәсіби жарыс ортасын қалыптастыру. Алдағы уақытта мұндай қалалық жарыстарды тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр.

ҚУАНЫШ ТӨЛЕПОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біздің бұл іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз - әр балаға тең мүмкіндік жасау. Олар өз қабілеттерін көрсетіп, спортпен айналысып, жеңіске ұмтыла алуы керек. Сондықтан бүгін қалалық кезең ұйымдастырылып отыр. Осы кезеңде жеңімпаз атанған спортшылар республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысады.

Ал Семейде өткен спорт фестиваліне 60-қа жуық оқушы қатысты. Жас қатысушылар да бочча, эстафета және жеңіл атлетикадан жарысты. Турнирдің арнайы қонағы - самбодан Азия чемпионы әрі «Қазақстан барысы – 2024» турнирінің жеңімпазы Ерасыл Қажыбаев балаларға жеке қолдау көрсетті. Демеушілер де балаларды назардан тыс қалдырмай, барлық қатысушыға бағалы сыйлықтар табыстады.

АЙДОС ТӨЛЕУХАНОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ СЕМЕЙ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Біз қалалық спорт бөлімімен бірлесіп, «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалін өткізіп жатырмыз. Фестиваліміз қала мектептерінен 60-тан астам баланы біріктіріп отыр. Фестивальдің басты мақсаты - инклюзивтілікті қамтамасыз ету, яғни ерекше қажеттіліктері бар балаларға тең мүмкіндік беру, оларды қоғамға кіріктіру, әр баланың қоғамда тең мүмкіндіктерге ие екенін көрсету және қажетті жағдай жасау.