2026 жылғы қаңтар-маусым айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) нақты мәнде 4,1%-ға өсті. Есепті кезеңде өндіріс әдісімен есептелген ЖІӨ көлемі 71,2 трлн теңгеден асты, деп хабарлайды Astana TV.
Жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) өсу қарқыны бойынша Ұлытау облысы көш бастады. Өңірде көрсеткіш 15,3%-ға артқан. Түркістан облысында өсім 13,3%-ды, ал Солтүстік Қазақстан облысында 11,4%-ды құрады.
ЖІӨ құрылымындағы ең үлкен үлес Алматы қаласына тиесілі. Оның көрсеткіші 20,2%-ды құрады. Екінші орында 12,5% үлеспен Астана қаласы тұр. Ал Атырау облысының үлесі 11,7%-ға жетті.
Ел экономикасының өсіміне ең жоғары үлесті Алматы қаласы қосты. Оның көрсеткіші 0,68 пайыздық тармақ болды. Астана қаласының үлесі 0,62 пайыздық тармақты, Алматы облысының үлесі 0,47 пайыздық тармақты құрады.