"Табыссыз қалып, тығырыққа тірелді": «Әділет» партиясы тұрғындардың шағымын бақылауға алды

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2026

Табыссыз қалып, тығырыққа тірелді. Елордалық тұрғын үйін жөндеуге алған несиесін төлей алмай отыр. Банкке берешегін қайта құрылымдауға өтініш берген. Бірақ қанағаттандырылмаған. Мәселесін айтып, "Әділет" партиясының республикалық қабылдау бөлмесіне жүгінді. Құрылтай депутаты Алмат Әбдікешов әрбір тұрғынды мұқият тыңдады. 

Елорда тұрғыны Файза Исина баспанасын жөндеуге 4 миллион теңге көлемінде несие алған. Алғашында ай сайын уақытылы төлем жасап отырған. Алайда екі ай бұрын денсаулығы нашарлап,  жұмыстан шығуға мәжбүр болыпты. Қазір тек 137 мың теңге зейнетақысына күн көріп отыр. Бұл қаражат ай сайынғы несиені төлеуге жетпейтін көрінеді. Бұған дейін банктерге қарызды қайта құрылымдау бойынша өтініш берген. Бірақ қанағаттандырылмапты. Оған жаңадан жұмыс табу да оңайға соқпай отыр. Үш қызының  өз отбасы бар, жәрдемдесуге мүмкіндіктері жоқ. Нәпақасыз қалған тұрғын тығырықтан шығу үшін Құрылтай депутатының қабылдауына келді.

ФАЙЗА ИСИНА, ТҰРҒЫН:

Ай сайынғы төлемім - 162 мың теңге. Бұдан бөлек, басқа банкте 16 мың теңге несием бар. Бұрын жалақым жететін. Қазір тек зейнетақыға қарап отырмын. Содан банк өкілдері төлемді шоттан толық ұстамай, тым болмаса елу пайызын қалдырса деген өтінішпен депутатқа келдім.

Қоғамдық қабылдауда депутат тұрғынның өтінішін мұқият тыңдап, құқықтық көмек көрсетті. Енді заң аясында қарызды қайта құрылымдау немесе банкроттық рәсімін қолдану жолдары қарастырылады.

АЛМАТ ӘБДІКЕШОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, "ӘДІЛЕТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Тиісті алгоритмін, егер банкротство болса, банкротство жағын, қайтадан реструктизация долга болса, сол жағын, бүкіл жолдарны айтып бердік. Кез-келген сауалды қарап, егер жауап ретінде керек болса, жауабын беріп, қолдау керек болса заңдық тұрғыдан көрсетіп, міндетті түрде аяғына дейін жеткізуге тырысамыз.

Депутат тұрғынның өтініші бойынша тиісті органдарға ресми сұрау салатынын айтты.. Бұдан бөлек, қабылдауда тұрғын үйді сақтап қалу және өндірісте жарақат алғандарға өтемақы төлеу мәселелері де қаралды. Түйіткілдер толық шешімін тапқанша депутаттың жіті бақылауында болады.