5 мың-ға жуық жас 1800 шақырым аумақты қоқыстан тазартады

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2026

5 мың-ға жуық жас 1800 шақырым аумақты қоқыстан тазартады. Бүгін «Әділет» партиясының Жастар қанаты «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасын бастады. Астана – Өскемен бағытын қамтитын бастама аясында жастар төрт облыстың аумағымен жүріп өтіп, жол бойын қоқыстан тазартады. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарымен кездесіп, экологиялық мәдениетті насихаттап, тарихи-мәдени мұраны қорғауға да атсалысады.

Ақмоладан бастау алған эстафета қатысушыларының алдында ауқымды міндет тұр. Төрт облыс, 10 аудан, 59 ауыл. Жастар жол бойындағы қоқысты жинап қана қоймай, қоршаған ортаға жанашырлық танытудың маңызын да түсіндіреді. Өйткені туған жерді таза ұстау – бір күндік науқан емес, күнделікті дағдыға айналуы тиіс мәдениет.

ЕРЖАН ЖЫЛҚЫБАЕВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Табиғатқа жанашырлық, тазалық бұл халқымыздың қанына сіңген қасиет деп айтсам артық емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жүйелі реформаларының нәтижесінде еліміз жаңа дәуірге қадам басты. Президентіміз саяси-экономикалық әлеуетті дамытумен қатар, «Таза Қазақстан» сияқты қоғамдық бастамаларға да үлкен көңіл бөліп жатыр.

 «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасы биыл үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып жатыр. 2024 жылы Астана – Алматы бағыты бойынша, ал былтыр Алматы мен Қызылорда аралығында тазалық жұмыстары жүргізілген еді. Биыл бастама шығыс өңірлерге қарай жалғасты.

АЛЕКСАНДР ДАНИЛОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бұл – табиғат тазалығын ғана емес, ой тазалығы мен азаматтық жауапкершілікті де дәріптейтін бастама. Іске көптеген жас қатысып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға өз үлесін қосып отыр. «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жол эстафетасы Астанадан Өскеменге дейін жалғасады. Оның мақсаты – жол бойын қоқыстан тазартып, қоршаған ортаға жанашырлық таныту мәдениетін кеңінен насихаттау.

«Таза Қазақстан» экологиялық эстафетасының алғашқы күні Екібастұз қаласындағы экоактивити және ашық аспан астындағы концертпен қорытындыланды. Ал алдағы күндері табиғи һәм тарихи орындарды қорғаумен қатар,  тазалық жұмыстары да жалғасады.