Қазақстан жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытуда Бельгиямен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысында технологиялық серіктестіктің негізгі бағыттарын атады, деп хабарлайды Astana TV.
Президенттің айтуынша, Қазақстан AlemAi және Alatau City секілді ірі бастамаларды жүзеге асыру арқылы цифрлық технологиялар мен озық өндіріс салаларын дамытуға басымдық беріп отыр.
«Жасанды интеллект пен цифрлық технология мүмкіндігін пайдалана отырып, AlemAi, Alatau City секілді ірі бастамаларды жедел іске асырамыз. Өнеркәсіптің озық салалары аталған орталықтарда қалыптасады», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияның жартылай өткізгіштерді зерттеу саласындағы әлеуетіне де назар аударды. Оның пікірінше, бұл бағыт екі ел арасындағы ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.
Бельгияның технология мен инновация саласындағы тәжірибесі Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуға серпін бере алады. Бірлескен жобалар озық технологияларды енгізуге, өндірістік әлеуетті арттыруға және жаңа бағыттар бойынша мамандар даярлауға жол ашады.
Мемлекет басшысы инвестициялық климатты жақсарту және шетелдік инвесторлармен тікелей диалог орнату жұмыстары жалғасатынын айтты.