Қазақстанда протонды терапияға қолжетімділік артуы мүмкін

Фото: Ақорда

Қазақстан бельгиялық компаниялармен медицина және фармацевтика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысында онкологиялық ауруларды емдеу мен медициналық мамандарды даярлау бағыттарына назар аударды, деп хабарлайды Astana TV.

Президент бельгиялық IBA компаниясымен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін айтты. Бұл серіктестік Қазақстанда протонды терапияға қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

«Біз IBA компаниясымен ынтымақтастықты құптаймыз. Бұл Қазақстандағы протонды терапияға қолжетімділікті арттырады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, сала мамандарын даярлау және клиникалық зерттеулер жүргізу бойынша бірлескен бағдарламаларды іске асыру да маңызды.

«Сала мамандарын даярлауға және клиникалық зерттеулер жүргізуге қатысты бірлескен бағдарлама онкологиялық ауруларды емдеудің озық тәсілдері бойынша құзыретімізді нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бельгиялық фармацевтикалық компанияларды Қазақстанда өндіріс орындарын ашуға шақырды.

Медицина саласындағы серіктестік заманауи емдеу технологияларын енгізуге, мамандардың біліктілігін арттыруға және фармацевтикалық өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.