80 жаста алғаш рет партаға отырды

Фото: The New York Times

Оңтүстік Кореяның кейбір ауылдық мектептерінде бірінші сыныпқа баратын бала табылмай, жасы 80-ге таяған әжелер оқушы атанған, деп хабарлайды Astana TV. 

Олар балалық шағында білім алуға мүмкіндігі болмағандықтан, егде жаста мектеп партасына отырып, әліппе үйренуге бел буған. Бұл оқиға елдегі демографиялық дағдарыс пен ауыл мектептерінің жағдайында байланысты туындап отыр.

2019 жылы Оңтүстік Кореяның Канжин округіндегі Daegu Elementary мектебінде бірінші сыныпқа баратын бала болмаған. Оқушы санының азаюы ауылдық мектептің жұмысын жалғастыруына қауіп төндірген.

Мәселені шешу үшін мектеп басшылығы бұрын білім ала алмаған егде жастағы әйелдерді оқуға шақырған. Нәтижесінде жасы 56 мен 80 аралығындағы сегіз әйел бірінші сыныпқа қабылданған.

Қариялар үшін бұл жай ғана мектепке бару емес, бала күнгі арманын орындауға берілген мүмкіндік еді. Олардың кейбірі жастайынан отбасына көмектесіп, үй шаруасымен айналысқандықтан, уақытында білім ала алмаған.

82 жастағы әйелдер де мектепке барған

Осындай жағдай Оңтүстік Кореяның басқа ауылдық мектептерінде де болған. CNA телеарнасының 2024 жылғы материалында Янпхён округіндегі Yangdong Elementary мектебінің тәжірибесі баяндалған.

Телеарна мәліметінше, 2021 жылы мектептің бірінші сыныбына төрт әже қабылданып, олар 13 баламен бірге оқыған. Олардың екеуі 82 жаста болған.

Бұл мысал егде жастағы адамдардың білім алуға деген қызығушылығын ғана емес, ауылдық мектептерді сақтап қалудың өзгеше жолдарын да көрсетті.

Дегенмен, әжелердің мектепке қабылдануы бүкіл елде қолданылатын қалыпты тәжірибе емес. Бұл – оқушы саны күрт азайған жекелеген елді мекендердегі жағдай.

Оңтүстік Кореяда бала саны неге азайып барады?

Оңтүстік Корея соңғы жылдары әлемдегі туу көрсеткіші ең төмен елдердің бірі ретінде жиі аталады. Мұның бірнеше себебі бар. Жастардың некеге тұруды және бала сүюді кейінге қалдыруы, тұрғын үй бағасының қымбаттығы, бала тәрбиесі мен білім беру шығындарының жоғарылығы демографиялық ахуалға әсер етеді.

Сонымен бірге жастардың ауылдардан ірі қалаларға көшуі де мектептердегі оқушы санының азаюына әкеліп отыр. Кейбір елді мекендерде мектеп жасындағы балалардың саны соншалықты төмендегендіктен, оқу орындарын біріктіруге немесе жабуға тура келеді.

Los Angeles Times басылымы 2023 жылы Оңтүстік Кореяның ауылдық аймақтарындағы мектептерге бала жетіспеуі мәселесін зерттеген. Басылым бұл жағдайды елдегі халық санының азаюымен және ауылдардың босап қалуымен байланыстырған.