Медициналық тексеру оның есірткілік масаң күйде болғанын растады, деп хабарлайды Astana TV Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап
Тәртіп бұзушылық Қонаев көшесінде болған. Үй маңынан жалаңаш ер адамды байқаған тұрғындар полиция шақырған. Оқиға орнына келген полицейлер оны бірінші және екінші қабаттың арасындағы газ құбырынан тапқан.
Құқық қорғау қызметкерлері одан төмен түсуді талап еткен. Алайда ер адам олардың талабына бағынбай, балағат сөздер айтқан.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ер адамның ағзасында каннабиноидтар мен опиоидтардың әсері анықталған.
Сотта ол кінәсін толық мойындағанымен, мұндай әрекетке не себеп болғанын түсіндіре алмаған. Ер адам қоғамдық тәртіпті бұзғаны және есірткілік масаң күйде болғаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот 20 тәулікке әкімшілік қамауға алумен қатар, ер адамның мінез-құлқына алты ай мерзімге ерекше талаптар белгіледі. Осы уақыт ішінде оған алкоголь, есірткі және психотроптық заттарды қолдануға тыйым салынды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.