Тергеу барысында 2 келі 148 грамм мефедрон және 506 грамм α-PVP психотроптық заты тәркіленді
Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ішкі істер министрлігі және Астана қаласы полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, Жетісу облысы прокуратурасының үйлестіруімен елордадан Талдықорған қаласына ірі көлемде психотроптық заттарды жеткізу арнасының жолын кесті, – деп хабарлайды Astana TV Polisia.kz сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлеріне тыйым салынған заттардың жеткізілетіні туралы ақпарат түскен. Кейінгі жедел жұмыстар нәтижесінде заңсыз тасымалдауға қатысы бар адамдар мен оның мән-жайлары анықталды.
Астана қаласында полиция қызметкерлері Тараз қаласының тумасы, 32 жастағы ер адам басқарған Geely автокөлігін тоқтатты. Көлікті тінту барысында артқы жолаушылар орындығының тысы астынан ұнтақ тәрізді заты бар екі орама табылды.
Тергеу барысында 2 келі 148 грамм мефедрон және 506 грамм α-PVP психотроптық заты тәркіленді.
Алайда жедел жұмыс мұнымен аяқталған жоқ. Кейінгі іс-шаралар барысында ұсталған азамат кінәсін мойындап, одан әрі таратуға арналған психотроптық зат жасырылған орынды көрсетті.
Көрсетілген аумақты тексеру кезінде полиция қызметкерлері тағы 992 грамм α-PVP психотроптық заты салынған ораманы анықтады.
Осылайша, заңсыз айналымнан жалпы салмағы 3 келі 646 грамм психотроптық зат тәркіленді. Аталған заттар одан әрі таратуға арналған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті қамауда отыр.
Полиция өңірге есірткі және психотроптық заттарды жеткізу арналарының жолын кесу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.
Мұндай әрбір ұстау — полиция қызметкерлерінің тыңғылықты жедел жұмысының нәтижесі. Басты мақсат — тыйым салынған заттардың заңсыз айналымға түсіп, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруіне жол бермеу.