Мемлекет басшысы ұлттық құндылықтарды дәріптеп, сапалы ұрпақ тәрбиелеуге шақырды

Фото: Қазақстан Халық Кеңесі

Орал қаласында Қазақстан Халық Кеңесінің ұйымдастыруымен «Жаңа қоғамдық этика: мәдениет, әдеп, әдет» атты республикалық форум өтті

Конституциялық органның өңірдегі алғашқы жиынында Президенттің құттықтау хаты оқылып, қоғамдық құндылықтар мен азаматтық жауапкершілікті арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Astana TV.

Ауқымды диалог алаңына мыңнан астам қоғам өкілі, белсенді аналар мен сарапшылар жиналды.

Іс-шараға арнайы барған Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға арнаған құттықтау хатын оқып берді. Басқосудың басты мақсаты – Президент тапсырмаларын жүзеге асыру және өңірлердегі қоғамдық диалогты жандандыру.

Президент құттықтау хатында Ата заңның ерекше рөліне тоқталды.

«Конституция – еліміздің өсіп-өркендеуіне жол ашатын қастерлі құжат әрі халқымыздың жаңа дәуірдегі болмыс-бітімін айқындайтын темірқазық. Сондықтан бәріміздің алдымызда тұрған аса маңызды мақсат – Конституциямыздың басты құндылықтары мен маңызын халық арасында, әсіресе, жастарға жан-жақты түсіндіріп, кең ауқымда дәріптеу», – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі күрделі кезеңде ұлттық сабақтастық пен адал еңбектің маңызы жоғары екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы: «Қазіргідей құбылмалы, тұрақсыз және күрделі уақытта мемлекеттігіміздің мыңдаған жылдық тарихы мен дәстүрін жадымызда сақтай отырып, жұртымыздың бойына озық ойлы ұлтқа тән игі құндылықтарды сіңіру аса өзекті міндет саналады. Өркениетті ел болу қастерлі Отанымыздың мүддесі үшін тұтас қоғам болып табанды еңбек етуден басталады», – деп атап өтті.

Елде қолға алынған жалпыұлттық бастамалар мен жаңғыру бағыттарына да жеке тоқталып өтті.

«Біз тұтас қоғам болып «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолға алдық. Бүкіл ел бойынша тазалық іс-шараларын жүргізіп, осы қасиетті ұғымның терең мағынасын жұртымыздың, әсіресе, жастарымыздың санасына сіңіре бастадық. Осылайша, тазалық ұлт болмысының ажырамас бөлігіне, халқымыздың мызғымас құндылығына айналуда», – делінген хат мәтінінде.

Мемлекет басшысы елдің болашақ даму бағдары Заң мен тәртіпте екенін еске салды.

«Біз заң мен тәртіп үстемдік құратын, білім мен ғылымға, инновацияға баса мән беретін, бірлігі бекем, Әділетті, Қауіпсіз, Күшті әрі Таза Қазақстанды құрып жатырмыз. Осы маңызды миссияны жүзеге асыруға мемлекеттік мекемелермен қатар, тұтас қоғам, яғни әр отбасы, әр азамат, сондай-ақ қоғам белсенділері, ұстаздар қауымы және еріктілер күш біріктіріп, белсене атсалысуы керек», – деді Президент.

Өз кезегінде Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы алға қойған реформалардың нәтижелерін сандармен бөлісті. Кейінгі жеті жылда Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 181,7 млрд доллардан 306 млрд долларға дейін өсіп, жан басына шаққанда 15 мың долларға жеткен. Сондай-ақ 25 мың шақырым жол салынып, 1 300 жаңа мектеп бой көтерген.

Жиын барысында сарапшылар мен қоғам белсенділері отбасылық тәрбие мен әскери бөлімдердегі моральдық-тұрмыстық жағдайды жақсарту мәселелерін көтерді. Форумда жастарды «JOLTAP» жобасы арқылы жұмыспен қамту, әйелдер құқығын қорғау, ұлттық мәдениетті дамыту және кітап оқу желісін кеңейту бойынша нақты ұсыныстар ортаға салынды.