Жеке деректер желіде өріп жүр. Елде мұндай заңбұзушылықтар саны төрт есеге өсіп, жеті айда 90 қылмыстық іс қозғалды. Азаматтардың аты-жөні, ЖСН-і мен телефон нөмірлері ашық дереккөздеріне шығып кеткен. Осы мәселені «Әділет» фракциясының депутаты Ләззат Жылқыбаева Құрылтайда көтеріп, дербес деректерді қорғауды күшейтуді ұсынды.
АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:
Технология дамыды енді алақанмен ақша аламыз деп қуанымыз. Алайда алаяқтар біздің бет бейнемізді пайдаланып алаңсыз несие алып жүр. Иә, интернет алаяқтық өршіп тұр. Оның бір көрінісі - жеке тұлғаның деректері мен фотосын пайдаланып, несие рәсімдеу. Бүгінде қаншама қазақстандық несиені кімнің, қалай алғанын білмесе де, қарыз төлеп жүр.
Алаяқтар жеке деректерді пайдаланып, азаматтардың атынан несие рәсімдеудің түрлі тәсілдерін қолданады.
ПІКІРЛЕР:
- Менің атымнан да алаяқтар несие рәсімдеген, бірақ мен сол несиені өзім төлеп жүрмін. Полицияға да, банкке де бардым, ешкім көмектеспеді, арыз да қабылдамады. Енді не істеу керек?
- Алаяқтар 2025 жылдың қаңтар айында атымызға несие рәсімдеген. Біз дереу полицияға арыз жаздық, бізді жәбірленуші деп таныды, бірақ қазір тыныштық. Несиелер сол күйі тұр.
- Баламнын, артынан 5.6 миллион кредит алынган еш кандай биометр отпеген и кодта айтпаган банктен письмо келгенде бірак білдік. Не істейміз?
- Кредит алған ғой ақшалай алаяқтар. Сот та, полиция да, ештеме істемеді. Бір жыл тоқтады, таппадық деді болды. Төлеп жатырмыз.
Жыл басынан бері елде 15 мыңнан астам алаяқтық дерегі тіркелсе, соның 9 мыңнан астамы интернет арқылы жасалған.
ШҰҒЫЛА ТҰРЛЫБЕК, ҚР ІІМ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Жалпы интернет алаяқтық шетелден де жасалады. Сол себепті біздің ведомства халықаралық ұйымдармен, халықаралық әріптестермен тығыз байланыста жұмыс жасайды. 2026 жылдың басынан бастап Украина елінің аумағында Қазақстан полициясымен және осы аталған елдің полициясымен бірлесіп, 2 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді.
«Шетелдік алаяқтар қазақстандықтардың жеке деректерін қайдан алады?» деген сұрақтың туындары сөзсіз. IT-сарапшылардың айтуынша, азаматтар түрлі қосымшалар мен платформаларды жүктегенде, өз мәліметтерін пайдалануға білместікпен өзі-ақ рұқсат беріп қояды. Ал бұл ақпаратты платформа иелерінің кейін қалай және қайда тарататынын ешкім бақылай алмайды.
ЕРЖАН ӨЗБЕКОВ, IT МАМАНЫ:
50 пайызы - адами фактор. Яғни банктерде, мемлекеттік органдарда, пошта қызметтерінде жұмыс істейтін, миллиондаған қазақстандықтың құпия және жеке деректеріне қол жеткізе алатын кейбір қызметкерлер өздерінің арам пиғылымен, пайда табу мақсатында бұл деректерді жүктеп алып, алаяқтарға сатып жібереді. Ал екінші жолы - мемлекеттік жүйенің немесе деректер базасының жеткілікті деңгейде қорғалмауы.
Бүгінде деректердің ішкі жүйеден таралуы мәселе болып отыр. Қызылорда облысының Шиелі ауданында жеті білім беру ұйымы медициналық тексеру қызметін сатып алу кезінде 529 қызметкердің дербес деректерін ашық порталында жариялаған. Мұндай жағдайлар өзге де білім беру ұйымдарында анықталған.
ЛӘЗЗАТ ЖЫЛҚЫБАЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Семей қаласында 31 мектептің сайтында 3 752 қызметкердің және 344 кәмелетке толмаған баланың деректері ашық қолжетімді болған. Бұл деректерді алу үшін ақпараттық жүйені бұзудың да қажеті болмаған. Оларды қорғауға тиіс ұйымдардың өздері ашық жариялаған. Әсіресе балалардың мәліметтеріне мұқият қарау қажет. Баланың тұратын жері, оқу орны, денсаулығы мен отбасының әлеуметтік жағдайы туралы ақпараттың таралуы оның жеке өміріне де қауіп төндіруі мүмкін.
Жеке деректердің таралуы мен алаяқтықтың алдын алу үшін бақылау тетіктерін күшейту қажет. Осыған байланысты депутат ақпараттық жүйелердегі қауіпсіздікті арттырып, азаматтардың мәліметтері қайда қолданылғанын бақылауға мүмкіндік беруді ұсынды. Сондай-ақ алаяқтықтан зардап шеккендерге жедел әрі кешенді көмек көрсететін бірыңғай жүйе құру мәселесі көтерілді. Енді жауапты ведомстволардан нақты заңнамалық өзгерістер күтіледі.