«Таза Qazaqstan» Road-эстафетасының алғашқы күні 40 тоннаға жуық қоқыс жиналды. Ат басын Павлодар облысына бұрған еріктілер мен белсенді жастар өңірдегі танымал туристік орындарды қоқыстан тазартты. Сондай-ақ Баянауылдан Павлодар қаласына дейінгі тасжолдың бойында тазалық жұмысы жүргізілді. Экологиялық акциямен қатар, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар да өтті.
СЕРЖАН АЙТЖАН, ТІЛШІ:
Тау – табиғаттың тәжі. Асқарға асыққан адам оның биіктігіне тәнті болып, сұлулығына сүйсінеді. Алайда көркем көріністі көруге келгендердің кейбірі тау бетіне жазу жазып, тасқа таңба қалдырады. Ал бұл табиғаттың тылсым туындысы түрлендірмейді, керісінше бүлдіреді.
Эстафетаның екінші күні «Кемпіртас» тауындағы тазалық жұмысынан басталды. Табиғи нысанның көркін сақтауға ниетті 50-ден астам белсенді аумақты қоқыстан тазартты. Баянауылдың көрікті жерлеріне жыл сайын келетін туристердің қарасы қалың. Сондықтан мұндай орындардың тазалығын сақтау өңірге келген әрбір демалушының жауапкершілігі.
РИЗА ДАНИЯР, ТРЕВЕЛ-БЛОГЕР:
Қазір мысалы ұйымдастырылып жатқан «Вандализмге жол жоқ» акциясы барысында да оқушылар, жастар, студенттер, тек тарихи маңызы бар жерлерді тазалап қана қоймай, олардың тарихымен де танысады. Сондықтан тарихты да, экологияны да бір арнада тоғыстыра білген іс-шара деп есептеймін.
«Кемпіртас» тауының таспен көмкерілген келбетіне, атын тіпті жылын да жазатындар бар. Бірақ жаны жақсы іске жақын жастарға бояуды кетіру қиынға соқпады. Қолғабын киіп, қабын қолға алып, жұмыла жұмыс істеді.
ЕРЖАН ХАМИТОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ЖАСТАР ҚАНАТЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Бүгін біздің Таза Қазақстан жалпыұлттық акциясы аясында өтіп жатқан роуд эстафетамыздың 2 күні. Біз қазір Павлодар облсының аумағындамыз, Қазір осы Баянауыл ауданының Жасыбай ауданында вандализмге жол жоқ акциясы өтуде. Бұл біздің жыл бойы өткізетін акцияларымыз. Тұрақты түрде.
Эстафета қатысушылары негізгі миссиясынан жаңылмай, Жасыбай ауылынан Павлодарға дейінгі аумақты да тазартты. Ал күннің екінші жартысында «Чемпиондық рух» жобасы аясында жаттығу ұйымдастырылды. Осылайша, табиғат тазалығы мен дене белсенділігі қатар дәріптеліп жатыр.