Ұшақта қазақстандықтың ақшасын ұрлаған шетелдік ұсталды

Фото: Polisia.kz

Ұрлықшы өзінің алдында отырған жолаушының қалтасын қаққан

Астана қаласы әуежайындағы көліктегі полиция басқармасына 41 жастағы астаналық арызданды. Ол Чунцин – Бейжің – Астана бағыты бойынша транзиттік рейспен Астанаға ұшып келген соң,  3600 АҚШ долларының жоғалғанын байқаған. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін полицияға жүгінген, деп хабарлайды Astana TV.

Көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазановтың айтуынша, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті қолға түскен. Ол арызданушымен бір рейспен ұшып келген және оның артында отырған шетел азаматы болып шықты.

– Күдікті елорда қонақүйлерінің бірінде ұсталды. Тінту барысында одан түрлі валютадағы ақша қаражаты, оның ішінде ұрланған 3600 АҚШ доллары толық көлемде тәркіленді. Ұсталған азамат өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта ол қамауға алынды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, – деді Теміржан Рамазанов.

Көлік полицейлерінің кәсіби әрі жедел әрекеттерінің арқасында ұрланған қаражат заңды иесіне толық көлемде қайтарылды. Жәбірленуші тәртіп сақшыларына жедел әрекет еткені, мұқият көңіл бөліп, көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.