Петропавлда КамАЗ өзенге құлап кете жаздады

Фото: скриншот

Петропавлда КамАЗ бөгеттің қоршауын бұзып өтіп, өзенге құлап кете жаздады

Жол апаты 14 қазан күні таңертең Петропавл қаласын айналып өтетін автожолда болды, деп хабарлайды Astana TV.

Полиция мәліметінше, тіркемесі бар КамАЗ-ды басқарған 55 жастағы жүргізуші рөлге ие бола алмай, қоршауға соғылған. Салдарынан жүк көлігі аударылып қалған.

Halyqstan телеграмм-арнасы жариялаған видеода жүк көлігінің бөгеттен жартылай шығып кеткенімен, суға құлап кетпегенін көруге болады. Оны қоршауға ілініп қалған тіркемесі ұстап қалған.

Жүргізуші ауруханаға жеткізілді. Солтүстік Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, оған мойын байламдарының созылуы диагнозы қойылды. Дәрігерлер тексергеннен кейін ер адамды амбулаторлық ем алуға жіберді.

Жүк көлігін шығарып алуға екі сағаттан астам уақыт кетті. Гидротораптың өзі штаттық режимде жұмысын жалғастыруда.