5 жыл бойы жол ережесін бұзбаған жүргізушілер марапатталды

Фото: скриншот

Абай облысында бес жыл бойы жол ережесін бұзбаған жүргізушілер марапатталды

Бүгін Омбы – Майқапшағай республикалық автожолында полиция қызметкерлері "Үлгілі жүргізуші" акциясын өткізді. Акция аясында жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтап, көлік тізгінінде жауапкершілік танытатын жүргізушілерге құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Astana TV.

Акция барысында полиция қызметкерлері ақпараттық базалар арқылы жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін тексерді. Соңғы бес жыл ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзбаған бес жүргізушіге алғыс хаттар мен "Заң мен тәртіп" логотипі бейнеленген естелік брелоктар табысталды.

Жол қауіпсіздігі әрбір жүргізушінің жол үстінде қабылдайтын шешімдері мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Аталған акция жол қозғалысы ережелерін сақтап, өзгелерге үлгі көрсетіп жүрген жүргізушілерге алғыс білдіруге мүмкіндік берді.

Полиция жол қозғалысына қатысушыларды жол жүру қағидаларын қатаң сақтауға, өз өмірі мен өзге адамдардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.