Балалар алаңында ішімдік ішкен

Polisia.kz

Балалар алаңында ішімдік ішкен павлодарлықтар жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Astana TV.

 Павлодар қаласының полициясына Павлов көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғыны хабарласып, балалар алаңында бірнеше ер адамның ішімдік ішіп отырғанын жеткізген. Оның айтуынша, олар тұрғындардың ескертулеріне балағат сөздермен жауап берген. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері алкогольдік масаң күйде болған үш ер адамды ұстады. Осыған ұқсас тағы бір шағым Геринг көшесінің тұрғындарынан түсті.

- Ауладағы орындықта жастар сыра ішіп, қатты сөйлеп, шулап отыр. Ал олардың жанында балалар ойнап, тұрғындар серуендеп жүр, – деп шағымданған әйел.

Аталған екі дерек бойынша құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, олармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Айта кетейік, жыл басынан бері полиция қызметкерлері алкогольдік ішімдіктер ішу және қоғамдық орындарға масаң күйде келудің 8 445 фактісінің жолын кесті.

- Балалар алаңында ішімдік ішіп, шу шығаратын компаниялардың әрекеті – полицияға хабарласуға негіз болатын жағдайлардың бірі. Мұндай хабарлама түскен кезде оқиға орнына міндетті түрде патрульдік жасақ жіберіледі. Сондай-ақ тұрғындар учаскелік полиция инспекторына жүгіне алады. Егер балалар алаңындағы мұндай басқосулар тұрақты түрде қайталанса, учаскелік инспектор профилактикалық әңгіме жүргізіп, мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін түсіндіреді және заңда көзделген тәртіппен айыппұл салу шараларын қолданады. Құқық бұзушылардың әрекетіне дер кезінде ден қою үшін полицияға олар оқиға орнында болған кезде хабарласқан жөн, – деп атап өтті полиция ведомствосында.