Мемлекет басшысы Израиль Президенті Ицхак Герцогпен кездесу өткізді

Ақорда

Бакуде өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің 7-саммиті аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Президенті Ицхак Герцогпен кездесті, деп хабарлайды Astana TV.

Мемлекеттер басшылары Қазақстан-Израиль қарым-қатынасы қарқынды сипат алғанына тоқталды. Сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа ден қоя отырып, маңызды бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамыту перспективасын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ицхак Герцогтің сәуір айында Астанаға жасаған сапары мемлекеттер арасындағы байланысты нығайтуға айтарлықтай серпін бергеніне назар аударды. Израиль Президенті де Қазақстанға сапарын ризашылықпен еске алды. Оның пікірінше, еліміздің көптеген салада алға басуы екіжақты ықпалдастықты ілгерілетуге жол ашады.

Ицхак Герцог Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қосылуын құптап, бұл оқиғаның бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға қосылған зор үлес екенін атап өтті. Сондай-ақ тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, соның ішінде Таяу Шығыстағы ахуал жөнінде пікір алмасты.

Мемлекет басшысы шиеленісті бәсеңдетіп, қақтығыстарды дипломатия құралдары арқылы реттеу қажеттігін жеткізді және Қазақстанның осы қағидатты берік ұстанатынын айтты.