Құбыр бар, су жоқ. Ақтөбедегі Рауан-2 тұрғын алабының халқы 10 жылдан бері ауыз су күтіп жүр. Көктемде құбыр тартылып, тұрғындардың үміті оянған. Тіпті жаздың соңына дейін су келеді деп уәде етілген. Бірақ тіршілік нәрі сол күйі келмеді.
Рауан-2 тұрғын алабында қазір 1000- нан астам отбасы тұрып жатыр. Электр жарығы мен газ да бар. Бірақ тіршілік нәрі жоқ. Халық ауыз суды әлі күнге дейін қаладан тасып ішіп отыр. Бір отбасыға тәулігіне 200 литр су қажет. Ауданда су құбырын тарту жұмыстары биыл көктемде басталып, жаздың соңына дейін үйлерге су берілуі тиіс еді.
ЗАДА МИЗАМБАЕВА, ТҰРҒЫН:
Судың қажеттілігі айтпай-ақ түсінікті. Жуынасың ,шайынасың. Қазір тасып отырмыз. Алдымызда батпақты уақыт келе жатыр. Онда қалай тасимыз?
Тұрғындардың айтуынша, су құбыры тартылып, әр үйге дейін жеке желілер жүргізілген. Яғни, сырт көзге жұмыс аяқталып тұр. Алайда дайын құбырдан әлі су ағар емес.
СЕРІК МЕКТЕПОВ, ТҰРҒЫН:
Созып жатыр ғо білмейміз, сентябрь деді, август деді. Сонымен осы уақытқа дейін келді.
Қалалық құрылыс бөлімінің мәліметінше, Рауан-2 тұрғын алабын сумен қамту жобасы былтыр көктемде басталған. Қазір жұмыстың 95 пайызы біткен. Алайда құрылыстың толық аяқтауға қаржы жетпей қалған.
АҚСҰҢҚАР ҚҰЛДАНБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:
Жалпы жобаның қаржысы 2 млрд 300 млн теңге. 2025 жылы бізде 834 млн теңге игерілсе, осы 2026 жылдың қазіргі уақытқа дейін 679 млн теңге келді. Жалпы жобаны аяқтауға қажетті сома 796 млн 713 теңге. Бұл қаржы толықтай облыстық бюджет есебінен жүргізіледі. Сондықтан да осы соманың қаржы жеткіліксіздігінен қазір объектіні толықтай бере алмай тұрмыз.
Шенеуніктердің айтуынша, құрылысты аяқтауға қажетті қаржы облыстық бюджеттен бірнеше рет сұралған. Алайда әзірге нақты жауап жоқ. Ал Рауандықтардың ауыз суға қашан қол жеткізетіні белгісіз. 10 жылдан астам уақыт күткен жұрттың тағы күтуден басқа амалы жоқ.