Павлодарда шалғайдағы ауылдар жарыққа жарымай отыр

Павлодар облысында шалғайдағы ауылдар жарыққа жарымай отыр. Баянауыл ауданына қарасты  Шөптікөл, Сұлужон, Майкөбе, Үшқұлын ауылдарында екі күннің бірінде жарық өшеді. Соның кесірін тұрғындар сусыз, байланыссыз қалады. Шалғайдағы қараша халықтың  мұң мұқтажын тілшіміз Өзгеріс Қуанар тыңдап келді.

Баянауылдағы  Шөптікөл ауылында жарық жиі өшеді. Себебі, электр желілері әбден тозған. Соның салдарын тұрғындар тартып отыр. Қыста апталап жарық жарықсыз қалған кездер болыпты.

САҒАДАТ САПАРОВ, ШӨПТІКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қатты жел болса бітті тарс-тұрс мынаның бәрі бір-біріне замыкайыттап свет өшеді. Содан отырамыз. Ауылдың жігіттері шығады. Өздері ақырын үйтіп, бүйтіп, бәріміз жабылып қай жерде үзіліп жатыр, қай жерде жабысып жатыр соның бәрін нетеміз. Әкімге жуырда айттым, Майқайың әкіміне.  Ой, әкелем әкелем қатырам деген. Қатырған түгі жоқ қап-қараңғы.

Ауылда көше  шамдары да жоқ. Түн болса, қараңғылық орнайды. Тұрғындар жарық өшсе, жөндеуге ешкім келмейді – деп отыр.

ТӨЛЕГЕН САДУАҚАСОВ, ШӨПТІКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауылға тоқ беретін трансформатор. Жағдайы осылай. Жанып кетеді. Головной счетчиктар жанып кеткен. Міне, мынаның түгелі өзіміз іздеп тауып аламыз. Өзіміз оңдаймыз.

200-ден аса халқы бар Сұлужон ауылы да жарыққа жарымай отыр.  Электр сымы үп еткен желден өшіп қалатын болған. 

ҚУАН ИСАТАЙ, СҰЛУЖОН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауылда жарық жоқ. Ауылда жарық бар. Бірақ, мерзімді уақытынан шығып кеткен. Ремонт жүрілмейді. Свет Майкөбеден келеді. Майкөбеден тоқ аламыз. Ол анау 20 шақырым жерден келеді подстанциялары шыдамайды. Күн жарқыраса, өшіріп тастайды. Жел болса, сым бір-бірімен айқасып қалады. Оны іздеп тауып алғанша, Өткенде неше сутка болған жоқ осы жаз айында. 5 күндей болған жоқ.

Бұл ауылда да көше жарығы жоқ. Тұрғындар қараңғы түссе, далаға шығуға қорқады. Өйткені ауыл маңында жыртқыш аңдар көп. Қараңғыда аңға азық боламыз ба – деп алаңдайды.

ҚАРЛЫҒАШ БАГИСОВА, СҰЛУЖОН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Көшеде не болмағаннан жарық үйімізге неше түрлі аңдар кіріп жатыр. Бір күннің ішінде менің 20 тауығымды жеп қойды. Көшеде қарсақ дейсің бе, борсық дейсің бе, түлкі дейсің бе бәрі көшеде айдап жүр. Біз оны қараңғыда көрмейміз. Ана жолы айтқан мынандай жарық қоямыз деп әкім. Соны қойып береміз деген жоқ. Міне, екі күн болды менің түгел тауығымды аңдар кіріп, жеп жатыр. 

Баянауылдағы  Шөптікөл, Сұлужон, Майкөбе, Үшқұлын ауылдары электр жарығын  «Майкөбе» көмірі кенішінен алады. Өткен жылдан бастап  заңға енгізілген өзгертулерге байланысты көмірі кеніші тоқ тарату жұмысын тоқтатқан болатын. Сол себепті 4 ауылда осындай мәселе туындаған.

АРДАҚ КІСЕНТАЕВ, БАЯНАУЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Бүгінгі күні ол мәселені жобалаумен жұмыс жасап жатырмыз. Қазір электр тарату компаниясы Павлодардағы «ПРЭК» дейміз сол мекемеге біз арнайы хат жолдадық. Қазір согласование тосып отырмыз. Қазір келісім бергеннен кейін біз жобалау жұмысын бастаймыз. Біз Майқайың кентінен Үшқұлын, Майкөбе, Сұлужон, Шөптікөл ауылдарына электр тарату компаниясынан электр желісін тартайық - деп отырмыз. Ол жерде жалпы ұзындығы 50 км құрайды.

Аудан әкімінің сөзінше, электр жарығының мәселесі 4 ауылға Майқайың кентінен тоқ тартқаннан соң шешілмек. Оған дейін бұл түйткіл қайталана беруі мүмкін. Ал электр желісінің қашан тартылары әзірге белгісіз.