Қазақстан су ресурстары алдағы уақытта да ынтымақтастықтың көзі болуы керек деп санайды, - Президент

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 7-саммитіне қатысты. Мемлекет басшысы Әзербайжан мен Арменияның бітімге келу процесіне қолдау білдіріп, Оңтүстік Кавказ тәжірибесі көреген көшбасшылықтың нәтижесін айқын көрсеткенін айтты. Ондаған жылдар бойғы қақтығыстардан кейінгі тараптардың ымыраға келуі жаңа перспективаға жол ашып, Шығыс пен Батыс арасында байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Берік саяси ерік-жігері мен зор экономикалық әлеуеті бар АӨСШК ірі трансшекаралық жобаларды жүзеге асыруға елеулі үлес қоса алады. Сондықтан көлік байланысы стратегиясын бірлесе әзірлеуді ұсынды. Энергетика қауіпсіздігіне қатер төніп тұрғанын да тілге тиек етті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Трансшекаралық энергетикалық инфрақұрылым қақтығыстардың зардабын жиі тартып отыр. Соның салдарынан әлемдегі энергетика нарығында тұрақсыздық белең алды. Бұл болжаусыз кезең дағдарыс аймағынан тыс елдердің де экономикалық өсімін тежеуде. Дәл осы себепті еліміз серіктестікке ден қойып отыр. Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан жасыл энергия жеткізу жөніндегі стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды.

Мемлекет басшысы экологиялық бағыттың маңызы да арта түскенін атап өтті. Су ресурстарының тапшылығы мен экожүйенің тозуы Азиядағы ең күрделі сын-қатердің біріне айналды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Азия мен Тынық мұхиты аймағында дүние жүзі халқының 60 пайызы мекендейді. Алайда бұл өңір әлемдік су қорының 35 пайызына ғана иелік етеді. Сәйкесінше, өңірдің су ресурстарымен қамтылуы жан басына шаққанда әлем бойынша төменгі орында. Қазақстан су ресурстары алдағы уақытта да ынтымақтастықтың көзі болуы керек деп санайды. Осыған орай технология алмасу, бірлесіп зерттеу және су үнемдейтін шешімдерді ілгерілету мақсатында Азиядағы Өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес су ресурстары серіктестігін құруды ұсынамын.