Шымкентте білім беру ресурстарын тиімді басқару және цифрлық бақылау тәжірибесі өңірлерге таныстырылды

Шымкентте білім беру ресурстарын тиімді басқару және цифрлық бақылау тәжірибесі өңірлерге таныстырылды. Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған семинар-кеңеске еліміздің 11 өңірінен арнайы өкілдер келді.

«Қосымша білім беруге арналған бірыңғай мемлекеттік тапсырыс» тақырыбын арқау еткен басқосуда қаржыны ұтымды пайдалану жолдары қаралды.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қосымша білім – бұл мемлекеттің Конституцияда өзін әлеуметтік мемлекет етіп көрсетіп отырған қағидатты орындау. Бізде ваучер қазір күн сайын беріліп отырады. Олай болатын себебі, бұрын ваучер әр өнім берушіге берілетін болса, қазір әр жеке балаға беріледі.

Қалада іске асқан пилоттық жоба арқылы балаларды дербестендірілген есепке алу жүйесі енгізіліп, қайталанатын жазбалар жойылды. Осы орайда министрлік өкілдері Шымкенттің бұл тәжірибесі өзге өңірлер үшін үлгі екенін атап өтті.

СТЭЛЛА ИБРАЕВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫ ЖӘНЕ ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Пилотты жоба жүзеге асқан бір жылда Шымкентте көптеген жұмыс істелді. Балаларды есепке алу жүйесін жетілдіру, шығындарды жоспарлау, қызметтерді бақылау, цифрлық құралдар мен жасанды интеллектіні енгізу бағыттарында ауқымды жұмыстар атқарылды.

Жиында сондай-ақ жасанды интеллект пен биометриялық сәйкестендіру арқылы артық шығындардың алдын алу жолдары да талқыланды. Тәжірибелік семинар ертең де жалғасады. Қонақтар мектепте ұйымдастырылатын сессияда бірыңғай мемлекеттік тапсырыстың нормативтік және қаржылық тетіктерін тәжірибе жүзінде көреді.