Басшы жұмысқа барар жолда тоңып жүрген қызметкерлеріне 20 миллион теңгелік көлік сыйлады

Фото: видеодан скриншот

Қытайда мейрамханалар желісінің иесі жұмысқа электрскутермен қатынап, суықта тоңып жүрген екі қызметкеріне жаңа BMW автокөліктерін сыйлады. Әр көліктің құны шамамен 45 мың доллар (шамамен 20 миллион теңге) тұрады, деп хабарлайды Astana TV.

Ма Яньли Хэнань провинциясының Цзяоцзо қаласында мейрамханалар желісін басқарады. Оның мейрамханаларында сиыр етінен хот-пот дайындалады. Бұл бизнеспен айналысып жүргеніне шамамен 20 жыл болған кәсіпкер табысқа жетуін бүкіл ұжымның еңбегі деп біледі.

Қызметкерлеріне көлік сыйлау туралы ой оған өткен қыста келген. Бір күні мейрамханада сегіз жылдан бері жұмыс істеп жүрген Ли Цзе есімді жұмысшысы мейрамханаға қатты тоңып жеткен. Беті қызарып, құлағы көгеріп, қолдары мұздап қалғанын көрген басшысы бейжай қарай алмаған.

“Мен жұмысқа өз көлігіммен жылы әрі жайлы жағдайда келемін. Неге ол да солай жүрмеске?” – дейді Ма Яньли.

Содан кәсіпкер екі қызметкеріне көлік сатып алған. Бірақ оларға тосынсый туралы алдын ала айтпаған.

24 қыркүйекте Ма Яньли екі әйелді автосалонға алып барған. Henan TV мәліметінше, ол көліктердің ақысын екі апта бұрын толық төлеп қойған. Әр BMW 300 мың юань, яғни шамамен 45 мың доллар тұрған.

Ли Цзе жолға шыққанда да қайда бара жатқанын білмеген. Басшысы оған “үлкен ойыншық” дайындағанын ғана айтқан. Ал автосалонда оны ақ түсті жаңа BMW күтіп тұрған.

Көлік сол күні Лидің атына тіркелген. Одан ақша да, сыйлық үшін қандай да бір келісімге қол қою да талап етілмеген.

Сұр түсті екінші BMW Лю Инъинге берілген. Оның айтуынша, басшысы бұл сыйлықты жақсы жұмыс істегені үшін ұсынған.

“Басшым маған “Сен көп еңбектенесің, жұмысыңның нәтижесі де жақсы. Бұл көлікке лайықсың” деді”, – дейді Лю.

Екі көлікке барлығы 600 мың юань, шамамен 40 миллион теңге жұмсалған.

Ма Яньли қызметкерлерінің еңбегін осылай бағалағысы келгенін айтады. Сонымен бірге олардың жаңбыр мен суықта электрскутермен жұмысқа қатынағанын қаламаған.

Кәсіпкердің сөзінше, мейрамханалар желісінің табысты болуына әр қызметкер үлес қосқан. Сондықтан сол табыстың қызығын ұжым да көруі керек.

“Кәсібімде жетістікке жеттім. Бірақ компаниямның өркендеуі – барлық қызметкердің ортақ еңбегінің нәтижесі. Сондықтан олар да осы табыстың игілігін көруі керек деп ойлаймын”, – деді ол.

Ма Яньли бұған дейін де қызметкерлерін сыйлықсыз қалдырмаған. Қытайдың дәстүрлі мерекелерінде оларға тұрмысқа қажетті заттар мен ақшалай сыйақы беріп тұрады.