Түркістан облысында 420-дан астам кәсіпкер тіркеусіз жұмыс істеген

Түркістан облысында жыл басынан бері Өзбекстанға заңсыз мұнай өнімдерін тасымалдаудың 246 дерегі тіркелді. Кінәлі тұлғаларға  сотпен 15,9 млн теңгеден аса айыппұл салынған. Олардан 9,77 тонна бензин, 25,7 тонна дизель отыны тәркіленді. Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес шаралары барысында аймақта бірқатар заңбұзушылықтардың жолы кесілді. Кедендік бақылау барысында заңсыз есірткі тасымалдаудың 36 фактісі анықталған. Кеденшілер шекарадан заңсыз жолмен ақша тасымалдаушылардың да жолын кесті. Мысалы, биылғы тоғыз айда  86,3 мың АҚШ доллары сомасына валютаны заңсыз әкетудің 5 фактісі тіркелген.  Мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлері жүргізген кезекті тексеру нәтижесінде салықтан жалтарып, түрлі заңбұзушылықтарға жол берген бірқатар пысықайлардың әрекетіне шектеу қойылды.

СӘУЛЕ ШЫРЫНБЕКОВА, ОБЛЫСТЫҚ МКД БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Тақырыптық тексеру нәтижесінде 1 059 салықтық құқық бұзушылық анықталып отыр. Оның ішінде, 479 бақылау-касса машинасын қолданбау, 421 салық төлеуші ретінде, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей жұмыс жасау, 23 салық төлеуші POS-терминал қолданбау  және 136 салық төлеуші лицензиясыз алкоголь өнімдерін сату барысында осындай кемшіліктер анықталды.