Қарағандыда жаңа тұрғын үй кешенінің жертөлесіне су кіріп жатыр

Қарағандыда жаңа тұрғын үй кешенінің жертөлесіне су кіріп жатыр. Тұрғындар ол үй сыртындағы белгісіз құдықтан ағатынын айтады. Алайда 3 жылдан бері тиісті  мекемелерге қанша жазса да құдықтың иесін таппаған. Су болса тоқтар емес, үйдің іргетасын үгітіп жіберуі мүмкін. Су қайдан келуі мүмкін? Айжан Қуаш анықтап көрді.

«Сапфир» тұрғын үй кешені 3- ақ жыл бұрын пайдалануға берілген. 300-дей отбасы тұрады. Тұрғындар алғаш кіргеннен бастап коммуналдық проблемаға тап болды. Даудың басы осы үй сыртындағы белгісіз құдық. Суы тоқтамайды, үздіксіз ағады. Көзін ешкім таппаған.

ЗӘРУБАЙ САҒЫНТАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Міне, осы жерде ылғи осындай проблема. Көктемнен бастап осы жерде су ағады да жатады. Мныа колодецті кімдікі екенін білмейміз.

АЙЖАН ҚУАШ, ТІЛШІ:

Ауладағы құдықтан аққан су үйдің жертөлесіне бірнеше жылдан бері ағып кіріп жатыр. Амалсыз тұрғындар әр бұрышқа сорғы орнатып суды сорғызып отыр. Алайда мәселенің шешімі бұл емес. Үйдің іргесі бүлінуі әбден мүмкін. Қабырғасы әлден- ақ  дым тарта бастаған.

Тұрғындар судың көзін тауып беруді сұрап талай рет құзырлы органдардың табалдырығын тоздырған. Жергілікті әкімдік өкілдері арнайы комиссия құрып, анықтаймыз деп шығарып салған.

ЕРҒАЛИ ҚОЖАБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ал мына су бойы 24/7 жыл бойы осылай жиналып тұрады. Қайдан кеп жатқаны көзі қайда екені белгісіз. Сол комиссия келмей жатыр үш ай болды.

Біз де жергілікті әкімдікке сауал жолдадық. Әкімдік құдық маңайындағы дренаж жүйесін тексеріп беретін болды. Алайда жертөлеге су кіру себебін тұрғындар өздері анықтауы тиіс,- дейді.

ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАЛЫҚ ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Осы үйдің басқарушы ұйымына (КСК) ғимараттың техникалық жағдайын тексеру үшін мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына (ГАСК) ресми хат жолдау ұсынылады. Тексеру барысында іргетас пен жертөле бөлмелерінің гидрооқшаулағыш қабатының жай-күйі де қаралады. Тексеру нәтижесінде су басу себептері анықталып, оларды жою бойынша қажетті шаралар белгіленеді.

Егер құрылыс барысында жіберілген кемшіліктер анықталса, тұрғындар сотқа жүгінуге құқылы. Әкімдік сөзінде тұрып құдық маңындағы су жүйесін тексеріп көзін анықтаса мәселе дау- дамайсыз- ақ шешілуі мүмкін.