Қазақстанда кімдер жәрдемақыдан қағылуы мүмкін: табыс пен мүлікке қарай жаңа талаптар енгізіледі

Қазақстанда әл-ауқаты жоғары және орташа отбасылар мемлекеттік жәрдемақының бір бөлігінен қағылуы мүмкін. Енді төлемдер азаматтардың мұқтаждық деңгейі мен қаржылық жағдайына қарай тағайындалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді. Әрбір отбасының әл-ауқаты анықталып, А-дан Е-ге дейінгі бес санатқа бөлінген. А және В санаттарына кіретін, табысы жоғары және орташа отбасылардың кейбір төлемдерді алу құқығы шектеледі. Ал С, D және Е санатындағы отбасылар үшін әлеуметтік көмек алу шарттары өзгеріссіз қалады.  

АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Жүйе мемлекеттік базалардағы отбасы туралы мәліметтерді жинайды. Ол әртүрлі ақпараттық базадағы 30 жүйенің деректерін пайдаланып, үй шаруашылығының әл-ауқат деңгейін автоматты түрде анықтайды. Қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасында 6,2 миллион отбасы тіркелген. Деректер күн сайын жаңартылып отырады, ал үй шаруашылығының қай санатқа жататыны ай сайын анықталады.

А санатына елдегі отбасылардың 5 пайызы, яғни шамамен 329 мың отбасы кіреді. В санатындағылар - табысы тұрақты, үйі, қымбат көлігі немесе бизнесі бар отбасылар. Олардың үлесі - 16 пайыз. Ал отбасылардың жартысынан көбі С санатына жатады. D және Е санаттарына әлеуметтік қолдауды қажет ететін шамамен 2 миллион отбасы кірген. Оларға мемлекет бұрынғыдай барлық әлеуметтік көмекті көрсетуді жалғастырады. Отбасылардың жағдайы 30-дан астам мемлекеттік базадағы мәліметтерді біріктіретін Отбасының цифрлық картасы арқылы бағаланады.