Шымкентте бір күнде үш Шахмат үйі салтанатты түрде ашылды. Жаңа нысандар Абай атындағы саябақта, Металлургтер саябағында және 17-ші шағын аудандағы жаяу жүргіншілер аллеясында бой көтерді. Мұнда қала тұрғындары шахмат ойнап, жаттықтырушылармен шыңдалып, турнирлерге қатыса алады. Ашылу рәсіміне жақында сайланған FIDE Халықаралық шахмат федерациясының және KazChess ұлттық федерациясының президенті Тимур Турловпен Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Жаңа Шахмат үйлерінің орны кездейсоқ таңдалған жоқ. Үш нысан да қала тұрғындары мен қонақтары жиі жиналатын қоғамдық орындарда орналасқан. Жобаның басты идеясы – шахматты халыққа барынша қолжетімді ету. Партия ойнау немесе мүдделестермен кездесу үшін арнайы спорт мектептеріне барудың қажеті жоқ, бұған енді саябақтар мен аллеяларда да толық жағдай жасалған.
ТИМУР ТУРЛОВ, FIDE ЖӘНЕ KAZCHESS ПРЕЗИДЕНТІ:
Еліміздегі саябақтарда жайлы, заманауи әрі қолайлы шахмат үйлерінің пайда болуы шахмат ойынының беделін арттырып қана қоймай, оған қызығушылық танытатын адамдардың санын да көбейтеді. Шымкент қаласында қалалық инфрақұрылыммен және заманауи қаланың жаңа келбетімен үйлесім тапқан осындай кеңістіктер мыңдаған баланы шахмат клубтарына тартып, бүкіл қала мен еліміз бойынша шахматқа деген қызығушылықты арттыратынына сенімдімін.
Ауданы 223 шаршы метрді құрайтын ең үлкен Шахмат үйі Абай саябағында орналасқан. Мұнда 120 бала шахматқа қатыса алады.
ГҮЛМИРА ДӘУЛЕТОВА. ҚАЗАҚСТАН ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
220-ға жуық баланы қамтитын осындай үш үйіміз бар. Бұл жерде тек қана жарыстарды ғана өткізіп қоймастан сонымен қатар сабақтарды, дәрістерді жаттықтырулармен бірге жүргізуге мүмкіндік бар. Барлық мүмкіндіктер тегін.
Құрылысқа Freedom Holding Corp «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы демеушілік жасады. Нысандар толық пайдалануға берілген соң Freedom Telecom ғимараттарды интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.