«Таза Qazaqstan» роуд эстафетасы аясында 1800 шақырым жол тазартылды

  • AstanaTV
  • 16 қазан 2026

«Таза Қазақстан» роуд эстафетасы аясында Ертіс бойымен бет түзеген көшпелі топ ауқымды іс-шараны Шығыс Қазақстанда түйіндеді. Тазалыққа жақын жастар 487 шақырым аумақтан, 40 тоннаға жуық қоқыс жинады. Сондай-ақ тарихи орындардың табиғи келбетін сақтауда да белсенділер аянып қалмады. Ал эстафетаның соңғы күні қалай қорытындыланды? Сержан Айтжан айтады.

СЕРЖАН АЙТЖАН, ТІЛШІ:

Ақмоладан басталған тазалық эстафетасы Павлодар мен Абай облыстарын басып өтіп, Алтайға ат басын тіреді. 1800 шақырымды артқа тастаған белсенді жастар төрт облыстың 10 ауданы мен 59 ауылында экологиялық бастамаларды жүзеге асырды. Тау мен тастағы жазуды кетіріп, аумақты күл қоқыстан тазартуға атсалысты. 

Жастар жиналған қоқысты сұрыптап, арнайы қаптарға салады. Пластик, қағаз және өзге де қалдықтарды бөлек жинау қоршаған ортаға түсетін салмақты азайтудың алғашқы қадамы. Яғни бін сөзбен айтсақ, экологиялық сауаттылық.

ЕРЛАН САЙЫР, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

21 ғасырдағы Қазақстанның қоғамының жаңа бет әлпетін қалыптастыру деп түсіну керек. Жастар Қазақстанды тазарту бойынша өздері инициатива жасап жатыр. Міне осы инициативаны біз қолдап, жастармен бір толқында болсақ, біздің еліміздің рухани болашағы зор деп ойлаймын.

4 облысты қамтыған 4 күндік көшпелі керуен Өскеменде өз мәресіне жетті. Осылайша, Таза Қазақстан акциясы бір жоба аясында бірнеше бағытты бір арнаға тоғыстырды.

ЕРЖАН ХАМИТОВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ЖАСТАР ҚАНАТЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

1800 км артқа тастадық. 5000 нан астам жас қатысты. 150 тонна қоқыс жиналды. Осы 4 күннің ішінде біз вандализмге жол жоқ акцияларын, әрбір таңымызды Чемпиондық Рух бастамасы аясында бастап отырдық.

Белсенді жастардың игілік жолындағы сапары кесте бойынша мәресіне жеткенімен, туған жерге жанашырлық танытып, жақсылық жасау жолындағы миссиясы мұнымен тоқтамайтыны анық. Өйткені қоршаған ортаны қорғау бір күндік науқан емес, күнделікті дағдыға айналар жауапкершілік.