Алматылық қыз такси жүргізушісін ұрып-соғып, балағат сөздер айтты деп айыптады

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Алматыда Яндекс такси жүргізушісі жолаушы қызды сапар кезінде ұрып-соққан. Онымен қоймай балағат сөздер айтып, көліктен шығармай қойған, деп хабарлайды Astana TV.

Көлікті тоқтатып,  қызға тиіспек болған

Аталған жағдай туралы жолаушы қыз Threads парақшасында жазды.

Қыздың айтуынша, оқиға биыл 15 қазанда кешкі сағат 19:20 шамасында болған. Ол құрбысымен бірге таксиге отырған. Алатау көшесінің бойымен келе жатқанда, алғашқы аялдамада құрбысы түсіп қалып, қыз көлікте жалғыз қалған.

“Осыдан кейін жүргізуші қазақша такси туралы естіген-естімегенімді сұрады. Білмейтінімді айттым. Ол дөрекі сөйлеп, телефонымды өшіруді талап етті. Сосын: “Қорқасың ба менен? Өшір дедім ғой, әңгіме бар” деді. Сосын өзімнің қазақ екенімді және Алматыда 20 жылдан бері тұратынымды айттым. Ал жүргізуші балағат сөздер айтып, агрессивті әрекет етті. Менен “жолақысын қолма-қол төлейсің бе әлде аударыммен бе” деп сұрады. Ал мен “жеткен соң төлеймін” деп айттым”, – деп жазды жолаушы. 

Қыздың айтуынша, үйіне 3–4 шақырым жол қалғанда жүргізуші сапарды аяқтап тастаған. Сосын қыз жолақыны төлемей кетуі мүмкін деп күдіктенгенін айтқан. Кейін Alma City тұрғын үй кешенінің маңына тоқтап, артқы орындықта отырған қызға бұрылып, тиіспек болған.

“Көліктің есігін ашуға тырыстым, бірақ бірден аша алмадым. Екінші рет әрекет жасағанда есік ашылып, көліктен шығып қаштым. Жолдың бойымен жүгіре жөнелдім. Ол артымнан “Мал, тоқта!” деп айғайлады. Бірақ мен қауіпсіздігім үшін қорқып, қаша бердім”, – деп жазды қыз  желіде.

Қыздың айтуынша, әпкесіне апара жатқан сыйлықтары салынған пакет таксиде қалып қойған. Ол жүргізушіні танитын немесе оқиғаға қатысты ақпараты бар адамдардан көмек сұрады.

Қыз Yandex Go қызметінен болған жағдайды тексеріп, жүргізушінің жеке басын анықтап, тиісті шара қолдануды талап етті.

Яндекс компаниясы не жауап берді?

Аталған жағдайға қатысты Яндекс Такси компаниясы жағдайдан хабардар екенін, қазір тексеріс жүріп жатқанын мәлімдеді. 

“Пайдаланушы қолдау қызметіне хабарласты. Біз оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ішкі тексерісті бастадық. Тексеру жүріп жатқан уақытта жүргізушінің сервис арқылы тапсырыс алу мүмкіндігі шектелді. Тексеріс аяқталғанға дейін ол сервис арқылы жолаушыларды тасымалдай алмайды”, – делінген жауапта. 

Компания тексеріс аяқталған соң тиісті шара қабылданатынын айтты. 

“Оқиғаның мән-жайын анықтауды жалғастырамыз және тексеріс нәтижесіне қарай тиісті шара қабылдаймыз. Сонымен қатар құқық қорғау органдарына жан-жақты көмектесуге және Қазақстан заңнамасына сәйкес ресми сұрау аясында барлық тиісті ақпаратты ұсынуға дайынбыз”, – делінген жауапта.