Ормуз бұғазында ирандықтардың мұнайдың әлем бағасына әсер етуі үшін жасалған шабуылдан кейін су бетінде айфондар мен басқа тауарлар қалқып шыққаны байқалды, деп хабарлайды Astana TV.
Араб басылымдары Ормуз бұғазында қалқып жүрген iPhone смартфондары мен басқа да тауарлардың видеосын жариялады. Мәліметке сәйкес, кадрлар Иранның осы стратегиялық сауда жолында коммерциялық кемелерге жасаған соңғы шабуылдарынан кейін түсірілген.
Видеодан су бетінде қалқып жүрген контейнерлер мен жан-жаққа шашылған заттарды көруге болады. Оларды шағын қайықтардағы адамдар жинап жүр. Сондай-ақ қайықтардың біріне смартфондардың жаңа үлгілері салынған қораптар тиелген.
Бұл кадрлар Иран Ормуз бұғазында 2500 контейнері бар кемені суға батырғанын мәлімдегеннен бір күн өткен соң тарады. Иран тарапының айтуынша, кеме "қауіпті бағытта" минаға жарылған. Ал Reuters агенттігі теңіз саласындағы дереккөздерге сілтеме жасап, Сингапурдың GFS Pride контейнер кемесі оқ-дәрінің тікелей соққысынан және одан кейін шыққан өрттен суға батқанын хабарлады. Экипаждың 21 мүшесінің барлығы аман-есен эвакуацияланған.
Ұлыбританияның теңіз сауда операциялары орталығының (UKMTO) және қауіпсіздік күштерінің мәліметінше, соңғы күндері Ормуз бұғазында Иранның кемелерге жасаған шабуылдары күрт көбейген. Шабуыл саны соғыс басталғалы бері рекордтық деңгейге жеткен. Ирандағы дереккөздердің хабарлауынша, Тегеран әлемдік мұнай бағасын жоғары деңгейде ұстап тұру және АҚШ-тағы аралық сайлауға ықпал ету мақсатында шабуылдарды күшейтудің жаңа стратегиясын қабылдаған.
Сонымен қатар шиеленіс Баб-эль-Мандеб бұғазы аймағына да тараған. Сауд Арабиясы хуситтердің ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасаған жаңа шабуылдарының бетін қайтарғанын мәлімдеді. Эр-Риядтың хабарлауынша, Йемендегі көтерілісшілердің соңғы соққыларынан кемінде 19 адам қаза тапқан. Сауд Арабиясы Иранды келіссөздердегі ұстанымын нығайту үшін аймақтағы шиеленісті күшейтіп отыр деп айыптады.