Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 103 млрд долларға жетті

Фото: shutterstock/vostock

Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 103 млрд долларға жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,8%-ға өсті, деп хабарлайды Astana TV.

Бұл ретте экспорттың өсу қарқыны импорттың өсімінен төрт еседен астам жоғары болды, соның нәтижесінде елдің сауда балансы айтарлықтай нығайды.

Сегіз ай ішінде Қазақстан 60,4 млрд долларлық тауар экспорттады, бұл былтырғыдан 19,5%-ға көп. Ал, импорт 4,5%-ға өсіп, 42,6 млрд долларды құрады. Нәтижесінде сыртқы саудадағы оң сальдо 17,8 млрд долларға жетті, ал 2025 жылдың сәйкес кезеңінде ол 9,8 млрд доллар болған еді.

Сыртқы сауданың жалпы өсуі аясында агроөнеркәсіптік кешен айқын серпін көрсетті. Қазақстан ауыл шаруашылығы шикізатының да, оны қайта өңдеу өнімдерінің де жеткізілімін арттыруда. Сонымен қатар бірқатар тауар позициясы бойынша өсу қарқыны экспорттың жалпы динамикасынан әлдеқайда жоғары.

Ең жылдам дамып келе жатқан бағыттардың бірі  - күнбағыс майы. Қаңтар–тамыз айларында оның экспорты 48,5%-ға артып, 672,8 млн долларға жетті. Заттай көріністе жеткізілім 35,9%-ға өсіп, 611,4 мың тоннаны құрады. 2025 жылдың қорытындысымен Қазақстан күнбағыс майын экспорттаушы алғашқы алты елдің қатарына кірсе, Қытайға жеткізуші елдер арасында екінші орынды иеленді. Күнбағыс күнжарасын экспорттау бойынша еліміз Еуропалық Одақ пен Қытайға ең ірі жеткізушілердің үштігіне енді, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің қажеттілігінің едәуір бөлігін қамтамасыз етеді.

Астық секторы да оң динамика көрсетуде. Бидай экспорты 26,5%-ға өсіп, 1,25 млрд долларға жетті. Шетелге 5,5 млн тоннадан астам астық жөнелтілді, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңнің көрсеткішінен 13,8%-ға жоғары.

Сонымен бірге астықты қайта өңдеу өнімдерінің жеткізілімі де ұлғаюда. Бидай және бидай-қарабидай ұнының экспорты 36%-ға өсіп, 400 млн долларға жетті. Заттай көріністе жеткізілім 22,8%-ға артып, 1,38 млн тоннаны құрады. Тағы бір айтарлықтай бағыт – зығыр тұқымы. Сегіз айда оның экспорты құндық көріністе 2,3 есе өсіп, 387,8 млн долларды құрады. Бұл ретте жеткізілімнің физикалық көлемі 2,5 есе артып, 780,8 мың тоннаға жетті.

Жануарларды азықтандыруға арналған дайын өнімдердің экспорты да едәуір өсті. Жеткізілім құны 60,8%-ға артып, 577,6 млн долларды құрады, ал физикалық көлемі 44,2%-ға өсті.

Жалпы алғанда, күнбағыс майы, ұн және жануарларға арналған дайын азық экспорты 1,65 млрд долларды құрады. Өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда осы үш санаттың жеткізілімі құндық көріністе шамамен 48%-ға өсті. Бұл – қосылған құны жоғары өнім экспортының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.