Қазақстанның тоғыз қаласында ауа сапасы нашарлауы мүмкін

Фото: ЖИ

18 қазанда Алматы, Астана және тағы жеті қалада қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады деп болжанып отыр

Синоптиктердің болжамынша, 18 қазанда еліміздің тоғыз қаласында атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы мүмкін, деп хабарлайды Astana TV.

Қолайсыз метеорологиялық жағдай Алматы, Астана, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш, Теміртау және Ақтөбе қалаларында күтіледі.

Мұндай жағдай кезінде атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттар жиналып, ауадағы ластаушы бөлшектердің концентрациясы артуы мүмкін. Бұған желдің баяулауы, температуралық инверсия және тұман сияқты факторлар әсер етеді.

Ауаның ластануы адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мамандар тұрғындарға бірнеше сақтық шарасын ұсынады.

Атап айтқанда, көлік жолдары мен өндіріс орындарының маңында ұзақ уақыт жүрмеген жөн. Өкпе және жүрек-қан тамырлары аурулары бар, сондай-ақ аллергияға бейім адамдар қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүруі керек.

Сонымен қатар ауа сапасы нашарлаған кезде таза ауада қарқынды спортпен шұғылдануды және ауыр физикалық жүктемені уақытша шектеген дұрыс.