Алматы – Өскемен тасжолында жолаушылар микроавтобусы мен жүк көлігі соқтығысып, он адам ауруханаға жеткізілді
Жетісу облысында Mercedes-Benz Sprinter микроавтобусы мен КамАЗ жүк көлігі соқтығысып, салдарынан қайғылы жол-көлік оқиғасы орын алды. Соқтығыс салдарынан екі адам қаза тағып, тағы оны жарақат алды, деп хабарлайды Astana TV.
Апат Алматы – Өскемен автожолының 143-ші шақырымында болды. Полицияның алдын ала мәліметінше, Mercedes-Benz Sprinter жүргізушісі оңтүстік бағытта келе жатқан. Қозғалыс кезінде микроавтобус алдында бағыттас келе жатқан КамАЗ-дың тіркемесіне соғылған.
Апат салдарынан екі адам оқиға орнында көз жұмды. Микроавтобустың тағы он жолаушысы әртүрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алды. Барлық зардап шеккендер қажетті көмек көрсету үшін медициналық мекемеге жеткізілді. Олардың қазіргі жағдайы туралы ақпарат нақтыланбаған.
Өлімге әкеп соққан жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп, оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция жүргізушілерді белгіленген жылдамдық режимін сақтауға, қауіпсіз қашықтықты ұстануға және жол жағдайын ескеруге шақырды.