Астана маңында адасып кеткен екі бала табылды

Фото: ҚР ІІМ

Қосшы қаласынан Астанаға қарай жаяу шығып, бағдарынан адасқан екі жасөспірімді 200-ден астам адам іздеген

Елорда маңында түнде адасып кеткен екі баланы іздеуге екі жүзден астам адам жұмылдырылды. Бақытқа орай, құтқару операциясы сәтті аяқталды, деп хабарлайды Astana TV.

Шөп арасынан жол таба алмаған 11 және 14 жастағы жасөспірімдер 102 арнасына өздері қоңырау шалып, адасып кеткендерін айтқан. Белгілі болғандай, Ақмола облысы Қосшы қаласының тұрғындары саналатын ұлдар Астанаға бармақ болып, дала арқылы төтелеп жүрген. Бірақ қараңғыда бағдарынан адасып қалған.

Балаларды аман-есен табу үшін шұғыл түрде арнайы топ құрылып, ауқымды іздеу-құтқару жұмыстары ұйымдастырылды. Операцияға:

200-ден астам полиция қызметкері;

Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары;

Ұлттық ұлан әскери қызметшілері;

Волонтерлер қатысты.

Сонымен қатар іздеу шараларына кәсіби қызметтік-іздеу иті мен арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде екі бала да дін-аман табылып, ағзаларына ешқандай зақым келмегені анықталды.

Оқиғадан кейін ювеналды полиция қызметкерлері шара қолданды.