Балық аулауға шыққан 16 жастағы бала суға ағып кете жаздады

Фото: Chat GPT

Таразда полицейлер мұзды суға батып бара жатқан 16 жастағы жасөспірімді құтқарып қалды

Балық аулау кезінде суға құлап кеткен баланы патрульдік полиция қызметкерлері құтқарушыларды күтпестен судан алып шықты, деп хабарлайды Astana TV.

Таразда екі полицей балық аулау кезінде мұзды суға құлап кетіп, жағаға шыға алмай қалған 16 жастағы жасөспірімді аман алып қалды. Патрульдік полицейлер құтқарушыларды күтіп отырмай, өздері суға түсіп, көмекке ұмтылған.

Суға батып бара жатқан жасөспірімді көрген куәгерлер бірден «102» арнасына қоңырау шалған.

Бозбала су астындағы тасқа ілініп қалып, өздігінен сыртқа шыға алмай қалған. 

Аға лейтенант Маханбет Шаянбаев пен лейтенант Қасымхан Қалаубек еш ойланбастан суық суға түсіп, жасөспірімді жағаға алып шықты.

Құтқарылған бала жедел жәрдем фельдшерлеріне тапсырылды. Дәрігерлердің айтуынша, жасөспірімнің денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ, жағдайы тұрақты.