Қазақстанда Ұлттық ұланның 2026 жылғы күзгі шақыру науқаны аяқталды
9 қыркүйек пен 15 қазан аралығында 7 мыңнан астам азамат мерзімді әскери қызметке шақырылды. Жоспар белгіленген мерзімде толық орындалды, деп хабарлайды Astana TV.
Жас сарбаздардың басым бөлігі қоғамдық тәртіпті сақтау, бұқаралық іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ маңызды мемлекеттік нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету міндеттерін атқаратын бөлімшелерге жіберіледі.
Қажетті дайындықтан өткеннен кейін әскери қызметшілер өз міндеттеріне кіріседі. Ұлттық ұлан сарбаздары полиция қызметкерлерімен бірлесіп, еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Бұл жұмысқа күн сайын 7 мыңнан астам ұландық жұмылдырылады. Ал 2 мыңға жуық әскери қызметші маңызды мемлекеттік нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзетеді.
Күзгі шақыру науқаны Ұлттық ұланның жеке құрамын толықтыруға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қажетті күштерді жасақтауға мүмкіндік берді.
Әскери қызмет жастардың бойында тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастырып, Отан алдындағы борышын өтеуге үйретеді. Әскерде жинаған тәжірибесі олардың болашақта қызметтік міндеттерін атқарып, ел қауіпсіздігіне үлес қосуына негіз болады.