Жетісу облысында қоғамдық орындарды ластаудың 200-ден астам дерегі тіркелді

Polisia.kz

Жетісу облысында қоғамдық орындарды ластаудың 200-ден астам дерегі тіркелді, - деп хабарлайды Astana TV.

Жыл басынан бері Жетісу облысында осындай 200-ден астам дерек анықталды. Полицияның жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камералары құқық бұзушылықтарды тіркеуге, азаматтардың жеке басын анықтауға және заңнамада көзделген шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Бір қарағанда, темекі тұқылын жерге тастау ұсақ-түйек әрекет болып көрінуі мүмкін. Алайда қаланың келбеті осындай күнделікті әрекеттерден қалыптасады. Көшелерді ластау қаланың көркін бұзып қана қоймай, қоршаған ортаға және қоғамдық кеңістікке деген жауапсыздықты көрсетеді. Жетісу облысының полициясы мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда. Бейнебақылау жүйелері құқық бұзушыларды анықтауға көмектескенімен, әр азаматтың саналы көзқарасы мен жеке жауапкершілігі де маңызды. Қаланың тазалығы — әрқайсымыздан басталады! Темекі шегуге тыйым салынған орындарда темекі шекпеңіз, темекі тұқылын жерге тастамаңыз және айналаңыздағы адамдарға құрметпен қараңыз. Өйткені тәртіп пен мәдениет ең алдымен күнделікті іс-әрекеттен көрінеді.