Су астында қорқуға болмайды - Жасұлан Жексембиев

Кейде санаулы секундтарда адам тағдыры айқындалады. Сондайда төтенше жағдай қызметкерлерінің жасаған шұғыл әрекеті шешуші рөл атқаруы мүмкін. Бұл-  олар үшін жай жұмыс емес, күн сайын сыналатын жауапкершілік. Оның сапында сүңгуірлер де бар. Бір қарағанда судың беті тыныш болғанымен, түбінде талай құпия тұнып тұрады. Сүңгуірлер сол тереңдікке бойлап, көзге көрінбейтін  қатермен бетпе-бет келеді.

Жасұлан Жексембиев бұл салаға 26 жасында келген. Оның қызмет сапында жүргеніне 30 жыл. Осы аралықта талай жанға екінші өмір сыйлаған. Көз көрінбес әлемге бойлау да үлкен дайындықты талап етеді дейді ол. 35 келі болатын киім мен арнайы құрылғыларын асынып, жағадағы жандармен тек арқан арқылы белгі беріп сөйлеседі. Солайша суға батқан адамның  денесін де бірнеше метр тереңдіктен жалғыз өзі алып шығады. Бұл рухтың беріктігі мен кәсіби шеберлікті талап етеді дейді Жасұлан.

ЖАСҰЛАН ЖЕКСЕМБИЕВ, ОТЖД ЖЕДЕЛ ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫНЫҢ БАС ҚҰТҚАРУШЫСЫ:

Мықты, жүректі болу керек. Спорт жағынан айналысу керек. Және өзіне өзі сенімді болу керек. Сол арқылы сүңгуірлер судан сүңгіп шығады. Ал егер кішкентай судың астында қорқып қалатын болса, ол сүңгуір қайтып суға түсе алмайды. Сондықтан біз көбінесе сүңгуірді бастар кезде психолог жағынан дайындаймыз адамды.

Аймақта  57 сүңгуір бар. Бірақ олар су айдындарында ғана емес, тұрмыстық және түрлі деңгейдегі құтқару жұмыстарына атсалысады. Адамдар апат аймағынан алыстауға тырысса олар бел ортасында жүреді. Терең тұңғиыққа, бет қаратпас жалынға, табиғи апаттарға қарамай батыл әрекет етеді. Бағыт әртүрлі, бірақ мақсат бір.

САҒАТ БҮРКІТБАЕВ, ОТЖД  ЖЕДЕЛ ҚҰТҚАРУ ЖАСАҒЫНЫҢ БӨЛІМШЕ БАСШЫСЫ:

Бірінші кезекте тұратын – адам өмірін құтқару. Сондықтан өзіміздің мамандығымызды біз өте құрметтейміз. Абыройлы мамандық адам өмірін құтқару. Адамгершілікке, тек жақсылық жасау ғой біздің жұмысымыз. Ұйықтамайтын кездер болады, тамақты уақытылы ішпейтін кездер болады. Сондай жағдайларға шыдам қызметімізді атқарып жатырмыз.

Сала мамандары үшін шұғыл шешім қабылдау, қатерге қарамастан көмекке ұмтылу – жұмыстарының бір бөлігі. Алайда, оларды да асыға күтіп, аман оралуын тілеп отырған отбасы бар.