Жерлеуге де жәрдем күтпеңіз. Елде қайтыс болған адамды жерлеуге берілетін біржолғы жәрдемақыны төлеу тәртібі де өзгереді. Енді мемлекет қаржысы бұрынғыдай бәріне бірдей берілмейді. Ең басты талап - мұқтаждық. Кімнің жарлы, кімнің бақуатты екенін «Отбасының цифрлық картасы» анықтайды. Табысы мен баспанасы көп «А» мен «В» санатындағыларға төлем бұйырмауы мүмкін. Тек жыртығы көп «Е» санатындағылар ғана мемлекет қолдауына иек артады. Жаңа жүйенің жеңілдігі - мекеме табалдырығын тоздырмайсыз. Жүйе азаматқа SMS жібереді. Тек Кредиттік бюро арқылы мойныңыздағы қарызды тексеруге рұқсат берсеңіз болды. Егер келісім бермесеңіз немесе жүйе мұқтаждар тізіміне қоспаса, көмек берілмейді. Десе де, төлем мөлшері өзгермейді. Зейнеткерді жерлеуге - 151 мың теңгеден астам, ал соғыс ардагерлеріне 158 мың теңгедей төленеді. Ал марқұмның БЖЗҚ-да жинағы болса, туыстары 406 мың теңгеге жуық төлемді Зейнетақы қорынан бөлек ала алады.