Астанада 100-ден астам жас домбырашы Республика күніне орай күй орындады

Фото: Астана әкімдігі

Астанада №2 Балалар өнер мектебінің 100-ден астам жас домбырашысы Республика күніне орай «Ер Тұран» күйін бірге орындады. Музыкалық қойылым отансүйгіштікке тәрбиелеуге, ұлттық өнерді дәріптеуге және Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға бағытталған «Біздің үн – Отан» шығармашылық бейнежобасының бір бөлігі болды, деп хабарлайды Astana TV.

Шығармашылық бастама Астана қаласы Есіл ауданы әкімі аппаратының және қалалық Білім басқармасының қолдауымен іске асырылды.

Бейнежобаның сюжетіне домбыра сыныбында білім алатын украин және орыс ұлтының өкілдері — екі оқушының Отан туралы диалогы негіз болды. Жасөспірімдер туған жерге деген сүйіспеншілік, ортақ шаңырақтың қадір-қасиеті және Қазақстанда тұратын түрлі этнос өкілдерін бір арнаға тоғыстырған ортақ құндылықтар туралы ой бөліседі.

Жобаның музыкалық бөлімінде жас домбырашылар қазақ халқының ұлттық рухы мен болмысын бейнелейтін «Ер Тұран» күйін орындайды. Өз өнерлері арқылы оқушылар ұлттық музыкалық мұраның байлығын және мәдени дәстүрлер сабақтастығын көрсетеді.

Сонымен қатар 20-ға жуық жас суретші шығармашылық туындылары арқылы Қазақстанға деген сүйіспеншіліктерін жеткізді. Олар өз картиналарында еліміздің көркем табиғатын, туған өлкенің сұлулығын, бейбіт өмір мен жарқын болашаққа деген сенімді бейнеледі.