Келер жылы Астана-Нью-Йорк тікелей рейсі ашылуы мүмкін

фото: pixabay

Келесі жылы Астанадан Нью-Йоркке тікелей рейс ашылуы мүмкін. Қазір еліміз АҚШ-қа ұшуға қажетті рұқсат алуға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Astana TV.

Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, бірнеше апта бұрын Қазақстанға АҚШ Федералдық авиация әкімшілігінің 7–8 инспекторы келген. Олар бір апта бойы еліміздің азаматтық авиация жүйесін тексерді. Қорытынды брифингте Қазақстанның авиация саласына және оның халықаралық стандарттарға сәйкестігіне жоғары баға берілген.

АҚШ тарапының ресми есебі қараша айында дайын болады. Ал еліміз жыл соңына дейін рейс ашуға рұқсат алуды көздеп отыр.

 Желтоқсан айында осындай ұзақ бағытқа ұшуға мүмкіндік беретін Boeing Dreamliner ұшағы жеткізіледі деп күтілуде. Оны пайдалануға беру үшін экипаж бен техникалық мамандар тиісті дайындықтан өтіп, қажетті ұшу сағаттарын жинауы керек. Барлық талап орындалса, келесі жылы тікелей рейс ашуды жоспарлап отырмыз, — деді Талғат Ластаев.

Алғашқы бағыт ретінде Нью-Йорк қаласы қарастырылған. Ал тікелей рейс Астанадан ұшады. Әзірге билет бағасы есептелмеген.