Каспий теңізінің жағалауынан 173 бекіре тұқымдас балық өлексесі табылды. Оларды қатты жел жағаға шығарып тастаған. Мамандар оқиғаның мән-жайын анықтау үшін су мен биоматериал сынамаларын алуда. Бұл туралы Astana TV Lada.kz сілтеме жасап хабарлайды.
Маңғыстау облысының балық шаруашылығы басқармасына қарасты «Жануарлар дүниесін қорғау қызметі» ММ мәліметінше, 20 қазанда қызметкерлер балық инспекциясының өкілдерімен бірлесіп, жағалаудың резервтік учаскелерін тексерді. Тексеру Омир глэмпинг демалыс базасынан Песчаный мүйісіне дейінгі және одан әрі Құрық портына дейінгі жағалау бойын қамтыды. Осы аумақта мамандар әртүрлі шіру сатысында жатқан 173 бекіре тұқымдас балық өлексесін анықтады.
Табылған дерек Қарақия ауданының 102 қызметіне, Маңғыстау облысының экология басқармасына және жергілікті атқарушы органдарға жеткізілді. Қазіргі уақытта мамандар биоматериалдар мен теңіз суының сынамаларын іріктеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ қырылған балықты жинау, тасымалдау және кәдеге жарату бойынша шаралар қабылдануда.
Ұсынылған ақпаратта бекірелердің қырылу себептері нақтыланбаған. Оқиғаның мән-жайы тексеру шараларының қорытындысы бойынша анықталады.