Буын аурулары жасарып барады. Тіпті, орда бұзар отызға келместен, аяғын баса алмай қалатындар көбейген. Медицина дамып, диагностика нақтылана түскен шақта, операцияға жеткізбей емдеудің тәсілі мол. Алайда, салғырттықтың салдарынан көпшілік мүгедектікке дейін уақыт ұттырады. Қозғалыс қат заманда қайтсек қуатты боламыз? Айсәуле Съезбектің материалында
Ұлытаулық Галина Мұхамединова Батпенов атындағы ұлттық травматология және ортопедия орталығына екі аяғы бүгіліп, тізесін тірей алмай, ауыр халде түскен. Буындары буылып ауырғалы ширек ғасырға жуық уақыт өткен зейнеткер ем-шараның түрін істеткен. Ақыр соңында операция жасатудан басқа амалы қалмапты. 63 жастағы ана жасанды эндопротез салдырып, бір аптаның ішінде қайта жер тіреп жүре бастаған. Науқас дер кезінде дәрігер көмегіне жүгінбегеніне өкінеді.
ГАЛИНА МҰХАМЕДИНОВА, НАУҚАС:
Ой әжептәуір 25 жыл болды ғой. Содан әйтеуір керек қылмай, әбден жүре алмай қалғаннан кейін таяқпен зорға сүйретіліп келдім осында. Енді біздікі ауыр жұмыстан болған шаруа ғой. Ауыр жұмыс, көпбалалы ана болғаннан кейін ол да бар. Соның бәрі әсер етті ғой. Жасыратын ештеңе жоқ қазіргі ауа, тамақ, бәрі басқаша. Оның да әсері бар.
Буын аурулары бұрын қарттарға ғана тән еді. Қазір диагноз жасарып барады. «Ай-хай 25» деп шауып жүретін шақта жамбасын баса алмай, төсек тартып қалатындар көбейген. Бұл - әлемдік мәселе. Мамандар оны коронавирустан кейінгі синдром дейді. Яғни, пандемия кезінде ауырғандардың ағзасы сыр бере бастаған. Жылына 2 мыңға жуық операция жасайтын травматолог ортопед Асқар Бекназаров бұл дабыл қағатын мәселе, - дейді.
АСҚАР БЕКНАЗАРОВ, ТРАВМАТОЛОГ ОРТОПЕД:
Асептикалық некроз дейді. Жамбас буынының басының, ұршық басының мүжіліп, шіруінен, ол жаңағы шеміршек бұзылмайды. Іштей қан айналымының нашарлауынан қазіргі кезде жастарымыз көп сол коронавируспен ауырған болса, постковидный синдром деп аталады. Сол ауруларымыз көп. Оларға басқа ем көмектеспейді. Көбінесе оларды толық эндопротездеумен аяқталады операция.
Вирус өкпеге ғана емес, тірек-қимыл аппаратына да үлкен соққы жасағанын әлем медицинасы мойындаған. Бұл тенденция иммунитетті көтеріп, оңалту шараларын жүргізудің маңызын көрсетіп отыр. Ұршықтың кемігуіне екіншіден артық салмақ әсер етеді. Уақытында емделмеген артроз, тұз жиналу, жас ұлғая сүйек тығыздығының кемуі аяқ басып жүруді мұңға айналдырады. Түркістандық Сәуле Байзақова енді зейнетке шығып, демалам дегенде өз-өзін тіреп тұруға шамасы келмей қалған.
СӘУЛЕ БАЙЗАҚОВА, НАУҚАС:
Пенсияға шықтым болды мен демалам деген жоқ. Өмір жалғасады. Немере бағамыз. Мектепке барамыз. Үнемі қозғалыста болу керек екен. Уақытылы ем алып, жаттығу жасап, қимылдау керек екен. Қимылдадық, сонда да біздікі асқынып кетті. Денсаулыққа қарау керек екен.
Қартайғанда қос балдаққа сүйеніп қалмас үшін салауатты өмір салтын бала күннен бастау керек, - дейді дәрігер. Әсіресе белсенді қимыл-қозғалыс, жаттығулар – буын ауруларымен күрестегі басты қару. Тірек жүйесінің тозуы – қарттықтың міндетті алғышарты емес. Алаңсыз, сау қартаюды аңсасаңыз ақ халаттылардың кеңесіне құлақ түру маңызды.