Қазақстандық пара жүзуші Диас Кенжебек V Азия Пара ойындарында бір алтын және екі күміс медаль жеңіп алды. Қазақстандық пара жүзуші Диас Кенжебек Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Astana TV.
Ол 100 метрге шалқалап жүзуде Азия рекордын жаңартып, жарыс чемпионы атанды.
20 қазанда ерлер арасында S10 санатында өткен финалда Диас Кенжебек қашықтықты 1 минут 1,98 секундта жүзіп өтті. Осылайша, ол Азияның бұрынғы 1 минут 3,73 секундтық рекордын жаңартты.
Екінші орынды Жапония өкілі Акито Мина 1 минут 5,13 секунд нәтижесімен иеленсе, оның отандасы Юмето Идо 1 минут 7,64 секунд көрсеткішімен үшінші орынға тұрақтады.
Бұл – Қазақстан құрамасының V Азия Пара ойындарындағы бесінші алтын медалі.
Айта кетейік, бұған дейін Диас Кенжебек V Азия Пара ойындарында екі күміс медаль жеңіп алған еді. Ол 200 метрге кешенді жүзуде SM10 санатындағы финалда 2 минут 21,61 секунд нәтиже көрсетіп, екінші орынға ие болды. Бұл жарыста алтын медальді Азия Пара ойындарының рекордын жаңартқан жапониялық спортшы иеленсе, қола жүлде Иран өкіліне бұйырды.
Сондай-ақ қазақстандық спортшы 100 метрге еркін стильде жүзуден күміс медаль еншіледі. S10 санатындағы финалда ол 59,10 секунд нәтиже көрсетті. Ирандық Шахин Изадьяр да дәл осындай уақытпен мәреге жетіп, күміс жүлдені өзара бөлісті.
Осылайша, Диас Кенжебек V Азия Пара ойындарында бір алтын және екі күміс медаль жеңіп алды.