«Сұйықтығы бар бөтелке лақтырған»: Астана – Алматы жолында бөтен көліктің әйнегін бүлдірген жүргізуші анықталды

Фото: Қарағанды ПД

Астана – Алматы жолындағы оқыс оқиға: Көлік айып тұрағына қойылды.

Астана – Алматы тасжолында бөтен көліктің әйнегін бүлдірген жүргізуші анықталды, деп хабарлайды  Astana TV. 

16 қазанда полицияға 24 жастағы азамат арызданды. Ол Астана – Алматы автожолының Балқаш пен Приозерск аралығындағы бөлігінде өзінің Kia автокөлігінің алдыңғы әйнегі зақымданғанын хабарлаған.

Арызданушының айтуынша, қозғалыс кезінде бір бағытта келе жатқан Lada Priora автокөлігінің терезесінен бөтелке лақтырылып, ол оның көлігінің алдыңғы әйнегіне тиіп, терезесін бүлдірген. Сондай-ақ, терезеден лақтырылған бөтелкеде белгісіз сұйықтық болған.

Бұл факт бойынша полиция қызметкерлері тиісті материалды тіркеді. Өткізілген іс-шаралар барысында Lada Priora көлігінің жүргізушісі анықталды, ол – Балқаш қаласының 34 жастағы тұрғыны екені анықталды. Ер адам болған жағдайға қатысты өз нұсқасын айтып, зат көліктің дөңгелегі астынан ұшуы мүмкін деген болжам жасады. Сонымен қатар ол терезеден қандай да бір затты лақтырғанын жоққа шығарды, Орын алған оқиға бойынша әкімшілік өндіріс басталып, автокөлік айып тұрағына қойылды, - деп хабарлады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.