«Әділет» партиясы цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтуді жалғастырып жатыр. Енді партия мүшелері жарнаны онлайн төлей алады. Ол үшін Halyk және Kaspi.kz қосымшаларын немесе Halyk Bank пен Kaspi Bank-тің QR-кодтарын пайдалануға болады. Партия кеңсесіне не банк бөлімшесіне барудың қажеті жоқ. Жарна комиссиясыз қабылданады, деп хабарлайды Astana TV.
Мүшелік жарна – партия қызметін қаржыландыруға партия мүшелерінің қосатын үлесі. Бұл – халықаралық тәжірибеде кең тараған тетіктердің бірі. «Әділет» партиясында мүшелік жарна төлеу тәртібі ашық әрі қолжетімді етіп ұйымдастырылған. Сонымен қатар жарна мөлшері белгіленген кезде азаматтардың әлеуметтік жағдайы ескерілген. Цифрлық төлем жүйесі жарнаны смартфон арқылы, елдің кез келген жерінен төлеуге мүмкіндік береді.
Мүшелік жарна мөлшерін партияның 2026 жылғы 10 шілдеде өткен III кезектен тыс Съезі «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және «Әділет» партиясының Жарғысына сәйкес бекітті. Ай сайынғы жарна мөлшері айлық есептік көрсеткішке (АЕК) байланысты белгіленген. 2026 жылы АЕК мөлшері – 4 325 теңге:
· Еңбекке қабілетті жастағы жұмыс істейтін азаматтар айына 0,1 АЕК, яғни шамамен 433 теңге төлейді;
· Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері мен тыңдаушылары айына 0,01 АЕК, яғни шамамен 43 теңге төлейді;
· Партия мүшесі өз қалауымен бұдан да көп жарна төлей алады.
«Әділет» партиясында кіру жарнасы жоқ. Яғни партияға мүше ретінде қабылданған кезде бір реттік төлем талап етілмейді. Зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар, жұмыссыздар, бала күтіміне байланысты демалыста отырған азаматтар, сондай-ақ мүгедектігі бар баланың заңды өкілдері ай сайынғы жарна төлеуден босатылады.
Мүшелік жарнаны бір айға, тоқсанға немесе бір жылға алдын ала төлеуге болады. Жұмыс істейтін партия мүшелері жалақысынан тұрақты аудара алады. Ол үшін жұмыс орнының бухгалтериясына тиісті өтініш беру қажет.
Мобильді қосымшалар арқылы төлеу үшін:
· Halyk немесе Kaspi.kz қосымшасындағы «Төлемдер» бөліміне кіру;
· «Әділет» партиясын табу;
· ЖСН енгізу;
· Автоматты түрде көрсетілген деректерді тексеру;
· Төлемді растау қажет.
Төлем үшін комиссия алынбайды.
Мүшелік жарнаны Halyk Bank пен Kaspi Bank-тің QR-кодтары арқылы да төлеуге болады. Оны партияның ресми сайтындағы жеке кабинеттен және Adilet 365 мобильді қосымшасынан таба аласыздар. QR-кодты сканерлегеннен кейін деректерді тексеріп, төлемді растау керек.
Азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін партия барлық банктің мобильді қосымшалары арқылы мүшелік жарна төлеуге мүмкіндік беретін бірыңғай QR-код әзірлеу жұмысын да жүргізіп жатыр. Цифрлық бағыт одан әрі дамытылады: «Әділет» партиясы алдағы уақытта жаңа цифрлық өнімдерді әзірлеп, оларды партия жұмысына кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлап отыр.