Жүрек-қантамыр ауруларымен күрес: Депутат амбулаториялық кардиология саласын түбегейлі өзгертуді талап етті

фото: pixabay

Құрылтай депутаты, «Әділет» фракциясының мүшесі Жұлдыз Данбаева Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға елдегі кардиологиялық қызметтің жағдайына қатысты арнайы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды  Astana TV.

«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында медицина саласын науқастың нақты денсаулығына бағдарлайтын модельге көшіру және жүрек-қантамыр ауруларын 5%-ға төмендету міндеті қойылған. Бүгінгі таңда бұл бағыт аса өзекті: 2026 жылдың басындағы мәлімет бойынша, қанайналым жүйесі сырқаттарымен 1,9 миллион пациент (ересек тұрғындардың 14,4%-ы) есепте тұр, ал науқастардың 90%-ы амбулаториялық деңгейде ем қабылдайды.

«Әділет» партиясының Сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау саласын дамытуға айрықша басымдық берілген. Бағдарламада «саланы қағаз жүзіндегі есеппен емес, науқастың нақты денсаулығымен бағалайтын адамға бағдарланған модельге көшу» міндеті айқындалған. Атап айтқанда, жүрек-қантамыр ауруларының деңгейін 5 пайызға төмендету межесі нақты белгіленген. Бұл кардиологиялық қызметті жаңғыртудың маңызын айқындайды. Жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу мен емдеу – адам өмірін сақтаудың маңызды шарты. Бұл мәселе халықтың өмір сүру ұзақтығы мен сапасына да тікелей әсер етеді. Сондықтан дамыған елдер ауруды ерте анықтауға, тиімді емдеуге және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға басымдық береді. Қазақстандағы жағдай да осы бағыттың өзектілігін көрсетеді», – деді депутат.

Дегенмен, алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) жүйесінде шешімін таппаған түйткілдер жеткілікті:

  • Кадр тапшылығы: Салаға 4 014 маман қажет болғанымен, іс жүзінде небәрі 661 кардиолог ғана жұмыс істейді.

  • Материалдық база: Медициналық жабдықтардың тозуы 40%-ға жеткен, ал бастапқы кардиодиагностика құралдары толық емес.

  • Скринингтің шектелуі: Қазіргі жүйе тек 30 жастан асқан азаматтарды ғана қамтитындықтан, қауіпті ерте анықтау мүмкіндігі төмен.

  • Дәрі-дәрмек тапшылығы: Амбулаториялық дәрілік қамту қажеттіліктің тек 40–50%-ын өтейді. Препараттар жеткізудегі іркілістер салдарынан жылына тек 8–10 ай ғана қолжетімді болып, бұл емнің үздіксіздігіне нұқсан келтіреді.

Осы мәселелерді шешу үшін «Әділет» партиясының фракциясы Үкіметке мынадай нақты ұсыныстар ұсынды:

  1. Ірі АМСК ұйымдары базасында әр 150 мың тұрғынға бір инвазивті емес диагностика орталығын құрып, терапевтерді қайта даярлау;

  2. АМСК стандартына созылмалы жүрек жеткіліксіздігі мен атеросклероз кабинеттерін енгізіп, кардиореабилитацияның толық циклін ұйымдастыру;

  3. 18 жастан бастап халықты скринингтен өткізуге арналған жасанды интеллект бағдарламалары мен қашықтан мониторинг жасау жүйесін енгізу;

  4. Кардиологиялық қызметті жаңғыртуға арналған кешенді трансформация бағдарламасын әзірлеу.