Қазақстан мен Пәкістан кеден заңнамасының бұзылуына қарсы күресте ынтымақтастықты күшейтеді

фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара әкімшілік көмек туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заңды екі оқылымда қабылдады, деп хабарлайды  Astana TV.

Құжатқа 2026 жылғы 4 ақпанда Исламабадта қол қойылған.

 Аталған келісім ақпаратпен жедел алмасу, қауіп-қатерлердің алдын алу және жолын кесу жөніндегі шараларды келісу, сондай-ақ тұрақты әрі тиімді шараларды қамтамасыз ете отырып, құзыретті органдардың байланысын үйлестіру мақсатында әзірленді. Келісімді ратификациялау — өзара байланыстың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастыруға, және кеден ісі саласындағы ынтымақтастықты дер кезінде қамтамасыз етуге, оның ішінде ақпаратпен жедел алмасуды, және осы саладағы ынтымақтастық жөніндегі шараларды келісуге мүмкіндік береді, — деді заңды таныстырған Қаржы министрі Мәди Такиев.

Толығырақ айтқанда, ынтымақтастықтың негізгі бағыттары кеден заңнамасы бұзылуының алдын алу, оларды тергеу және жолын кесу бойынша өзара көмек көрсетуді, экспорттық және транзиттік декларациялар, оның ішінде күдік тудыратын декларациялар туралы ақпарат алмасуды, сондай-ақ құпиялылық пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қамтиды.

Сонымен қатар, қызметкерлерді оқыту, біліктілігін арттыру және практикалық тәжірибе алмасу үшін екінші тараптың кеден органдарына жіберу мүмкіндігі қарастырылған.

Өзара іс-қимыл «сұраныс-жауап» форматында жүзеге асырылады.

Құжатты іске асыру кеден ісі саласындағы ынтымақтастық деңгейін жетілдіруге, сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістан арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту және транзиттік-логистикалық әлеуетті нығайту жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыруға жол ашады.