Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Лаура Қарабасова Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке және Қаржы министрі Мәди Такиевке ғылымды қаржыландыруға қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Astana TV.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы өз Жолдауында гранттық қаржыландыру мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі зерттеулерге кедергі келтіретінін атап өтіп, оны бес жылға ұзартуды ұсынды. Бұл бастама заңнамалық тұрғыдан қолдау тауып, жаңа норма 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Бірақ арада 4 жылдан астам уақыт өтті. Гранттық конкурстар әлі де үш жылдық циклмен өткізіліп келеді.
“Ғылым – мемлекетіміздің ұзақ мерзімді экономикалық өсімі мен технологиялық егемендігінің негізі. Ғылым мен инновацияның конституциялық деңгейдегі басымдықтар қатарына көтерілуі кездейсоқ емес. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымды дамытуға бағытталған жүйелі саясаты мен тұрақты қолдауының көрінісі. Соңғы жеті жылда ғылым саласын дамытуға бағытталған маңызды қадамдар жасалды. Қазіргі заманғы қоғамда ғылымға қойылатын талап та, күтілетін нәтиже де жоғары. Экономика сұранысына қызмет ету, технологиялық серпіліс пен адам өмірін жақсартудың қозғаушы күшіне айналу. Бұл үшін ғалымдарға қажетті жағдай жасап, ең алдымен, ғылымды қаржыландыру жүйесін жетілдіру маңызды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында гранттық қаржыландыру мерзімінің үш жылмен шектелуі іргелі зерттеулерге кедергі келтіретінін атап өтіп, оны бес жылға ұзартуды ұсынды. Бұл бастама заңнамалық тұрғыдан қолдау тауып, жаңа норма 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Кейін 2024 жылғы «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның 34-бабында толығымен сақталды. Бірақ арада 4 жылдан астам уақыт өтті. Негізгі гранттық конкурстар әлі де үш жылдық циклмен өткізіліп келеді”, дейді депутат.