Мұнай өнімдерін өзге елге заңсыз экспорттаумен айналысқан қылмыстық топтың ұйымдастырушысы іздестіріліп жатыр

фото: видеодан скрин

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ел аумағынан тыс жерге мұнай өнімдерін заңсыз экспорттаумен айналысқан ұйымдасқан топтың жолын кесті. Аталған схеманы ұйымдастырушы – Маңғыстау облысының кәсіпкері – халықаралық іздеуде жүр, деп хабарлайды Astana TV Lada.kz.-ке сілтеме жасап. 

Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыстық схеманың ұйымдастырушысы Маңғыстау облысының кәсіпкері жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен шикі мұнай сатып алу жөнінде келісімшарттар жасасқан. Ол мұнай кейіннен Standart Petroleum және Mangystau Oil Refining шағын мұнай өңдеу зауыттарында жалған сапа төлқұжаттарын ресімдей отырып өңделген. Одан кейін өнім пеш отыны түрінде танкермен Ақтау теңіз порты арқылы шетелге шығарылды. 2019-2023 жылдар аралығында тек «Batys Nefte Trade» ЖШС арқылы шетелге 160 мың тоннадан астам мұнай өнімдері заңсыз экспортталған. Жалпы операция көлемі шамамен 45 млрд теңгеге бағаланды.

ҰҚК баспасөз қызметі қылмыстық схеманы ұйымдастырушының халықаралық іздеуде екенін хабарлады.

Ағымдағы жылы жүзеге асырылған процессуалдық шаралар кешені аясында қылмыстық іс фигуранттарының активтері, сондай-ақ шағын МӨЗ, танкер және өзге де мүліктер тәркіленді. Жалпы, мемлекет кірісіне заңсыз алынған кірістер мен төленбеген салықтардан 2 млрд теңгеден астам қаражат өндірілді. Еске салайық, 2025 жылы Ақтау қалалық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі, оның ішінде шағын мұнай өңдеу зауыты мен трейдер компаниясының басшылары Қылмыстық кодекстің 234-бабының 3-бөлігі және 262-бабының 2-бөлігі бойынша сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.