Тәртіп пен тазалық – ұлттық идеологияның алтын діңгегі

фото: Ерлан ОМАР, «EQ»

«Таза Қазақстан» – дақпырт пен даңғазадан ада, жалған іс пен жалаң сөз араласпаған, тазалықты ту еткен, өскен жер, өнген ортаны өркендеткен өзекті бас­тама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған акция бүгінде жалпыхалықтық қолдауға ие болды, деп хабарлайды  Astana TV Egemen Qazaqstan-ға сілтеме жасап. 

Бұл – еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға, табиғатқа қам­қорлық көрсетуге, қоғамды жауапкершілікке тәр­бие­леуге бағытталған маңызды қадам. Осы орай­да «Egemen Qazaqstan» газетінің «Санаткер ұлт» пікір алмасу алаңында қоғам қайраткерлері, зия­лы қауым өкілдері мен сала мамандары бас қосып, қоғамдағы экологиялық жауапкершілік, ысырап­шылдықпен күрес, табиғатқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыру мәселелерін кеңінен талқылады.

 

«Таза Қазақ­стан» акциясы 2024 жылы 8 сәуірден жүзеге асырыла бастады. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқа­ев облыстар мен қалалардың әкім­­деріне аумақ­тарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Мемлекет басшысы бұл жұмыстардың аса маңыздылығын ерекше атап өтті. Елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшеміне айналатын болды. Бұл тұжырымдар мемлекеттің бас­ты құжаттарына да енгізіле бастады. Табиғатты аялау қажеттігі жаңарған Конституциямызда алғаш рет көрініс тапты. Президенттің осыдан екі жыл бұрынғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет» деп нақты міндет қойылды. Демек, бұл – жалпыхалықтық іс. Бұған әр адам атсалысуға тиіс. Себебі бұл жай міндет емес, Президент айтқандай, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы – конституциялық міндет», деді Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров. 

Құрылтай депутаты Серік Егізбаевтың айтуынша, ойы да сұлу болуы керек. Оның сөзінше, сана тазалығы әр үйдің босағасынан, отбасы жылуынан бастау алуға тиіс. Ұрпақтың бойына «Адал азамат» деген биік ұғымды сіңіре алсақ қана қоршаған ортаға шын жанашыр, жауапты қоғам қалыптастырамыз. Бүгінде экологиялық мәдениет пен тазалық түсінігі мемлекеттік деңгейдегі ең жоғары мәртебеге ие болды. Ата заңымызда экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекеттігіміздің негізгі қағидаты болып шегеленді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясы туралы айтқанда: «Бұл –  жай ғана сенбілік немесе уақытша акция емес», деп атап өтті. Бұл, ең алдымен, әрбір азаматтың ішкі мәдениеті, сана тазалығы мен арының айнасы, бәрімізді біріктіретін жал­пы­ұлттық идео­логия. Егер біз қалаларымыз бен ауылдарымыздың мұнтаздай таза, көркем болғанын шын қаласақ, өз­ге­рісті өз бойы­­­мыз­дан бастауымыз керек. Өз ойы­мызды, ниетімізді, табиғатқа деген көзқарасымызды түпкілікті өзгерт­пейінше, сыртқы орта ешқашан түзел­мейді. Өйткені таза орта – мөлдір сананың жемісі.

Абай Құнанбайұлы Он тоғызыншы қарасөзінде: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды», деп текке айтпаған. Ұлттың іргесі отбасындағы тәрбиеден қаланады. Классик жазушы Антон Чеховтың: «Адамның бойындағының бәрі: жүзі де, киімі де, жаны да, ойы да сұлу болуы керек», деген сөздері осыны меңзесе керек, деді депутат. 

«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында, «Таза Қазақстан» концепциясында осыған ерекше мән берілген. Осы ретте Халық Кеңесінің мүшесі Еділ Жаңбыршин мырзаның ұстанымын мен де қуаттағым келеді. Экономиканың экологиялық мәселелер есебінен дамығаны дұрыс емес. Ірі кәсіпорындар табиғатқа келтірген орасан зор залалы үшін жауапкершілікке тартылуға тиіс. Құрылтай депутаты Ирина Теннің айтуынша, партия жастары үшінші жыл қатарынан ірі қала, ауданаралық жол, автомагистралдардың бойында қоқыс жинап, тазалыққа үн қосатын эстафета ұйымдастырып келеді. Қоқыс тас­та­мауға шақы­ра­тын осындай өміршең бас­та­ма­лардан өзге жүр­гі­зу­шілер са­бақ алса, жол үс­тін­де таби­ғатты ластамаса екен дейміз. Себе­бі тазалыққа әрбір адам жа­уапты. Қалып­тасқан, санасы сергек адам оған бейжай қара­майды. Саналы ұлт­тың артын­да таза­лық­қа жаны құмар, мәдениетті ұлт тұрады.

– Қоршаған ортаның табиғи байлығы, орман-көлі, ағын суы, асау толқынмен таласқан теңізі – бәрі-бәрі кейде шеті-шегі жоқ, сарқылмайтын ресурс секілді көрінеді. Теңіз дейтінім, өзім Арал өңірінің тумасы болғандықтан, экология тақырыбы маған бала күннен таныс. Сандық түбінде өткеннің белгісіндей қалған ескі суреттерді, әкем жиған альбомды ақтарып отырып, теңіз бауырында өскен алдыңғы толқынға қатты қызығатынмын. Аяныштысы, мен өсіп- жетілген сайын бұрын екі арасында кеме қатынаған, асау да айдынды теңіз тартыла берді. Арал тағдыры елімізге ғана емес, дүниежүзіне сабақ болды. Сол себепті біздің буынның ең негізгі міндеті – табиғатты сақтау ғана емес, оны қалпына келтірумен де байланысты дер едім, деді Ирина Тен. 

Басқосуға жиналғандардың пікірінше, бүгін талқылаған мәселе бірқатар ұғыммен сабақтасып жатыр. Мұны Мемлекет басшысы: «Таза Қазақстан – әдемі ұран да, науқан да емес, бұл – күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі. Тазалық тәртіпті күшейтеді, ал тәртіп жауапкершілікті арттырады», деп атап көрсетті.

Президент тазалықтың ұлттық стандартын әзірлеу, бұл ұғымды ұлттық брендке айналдыру жөнінде міндет қойып отыр. Ұлт болмысын өзгертетін жалпыұлттық қозғалыстан қай-қайсымыз да шет қалмауымыз керек,-деп түйіндеді жиынды Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров